Жаңалықтар

Temu, Pinduoduo… Қытай онлайн-базарлары шағын сауда өкілдерін қалай жұмыссыз қалдырып жатыр?

Былтыр Таиландта 2 000-ға жуық фабрика жабылып, 50 мың адам жұмыссыз қалған/фото: Kursiv.media мұрағаты

Қытайдың Temu маркетплейсі әлемді жаулап алды. Тартымды әрі өте арзан баға ұсынады. Бағаны арзандату тәсілі әлемнің бірқатар елдерінде кедергіге тап болып отыр. Бұл туралы Guardian басылымы жазды.

Әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері дүрлігіп тұр. Айталық, Индонезия  Temu-ді қосымшалар дүкенінен алып тастауға пәрмен берді. Вьетнам да елде бизнес жасауға рұқсат бермегенін алға тартып, тыйым салу ниетін жария етті.

Нарықты зерттеумен айналысатын Cube компаниясының құрылтайшысы Саймон Торрингтің пікірінше, қытай тауарларының арзандығына импортқа салынатын салықтың барынша аздығы түрткі болып отыр. Бұл жергілікті сатушылар мен өндірушілер одан жылдамдық, сапа, баға жағынан асып түсе алмай, шығынға батып жатыр.

«Temu реттеуші орган үшін найзағай қабылдағышқа айналды. Олар енді шетелдік импорт ережесін өзгерту керек шығар деп ойлана бастады», – дейді ол.

Тайландта балалар ойыншықтарын шығаратын өндірістің көбі банкротқа ұшырапты. Былтыр 2 000-ға жуық фабрика жабылған. 50 мың адам жұмыссыз қалған. Бұған қытайлық бәсекенің артқаны түрткі болып отыр.

Pinduoduo болса, әлемнің барлық түкпірінде жұмыс істеп тұр. Оңтүстік-Шығыс Азияда орта тап өкілдерінің саны артып келеді. Бұл осы аймақты таптырмас нарыққа айналдырып отыр. 2024 жылы онлайн-сауда көлемі 160 млрд долларға жуықтаған. Қытай экономикасының өсу қарқыны бәсеңдеген соң, ішкі нарықта Pinduoduo арқылы сату қысқарған.

«Қытайда 2010 жылдан бастап өсім бәсеңдеді. Бірақ әлі де бәсекеге қабілетті. Сондықтан ойыншыларға өсудің жаңа жолдары қажет. Мәселен, шетелдік нарық», – дейді Momentum Works венчурлік компанияның атқарушы директоры Цзянган Ли.

Оның сөзіне қарағанда, экономика баяулаған соң, Қытай зауыттарының бос қуаты қалған. Бұл Temu жеткізушілеріне өнімдерін көп көлемде, аз шығынмен өндіруге жол ашқан. Сондықтан арзан тауарларды орасан зор жеңілдікпен сата бастаған.