Әбу-Дабиден келген инвестор Қазақстанда әмбебап банк ашпақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Abu Dhabi Commercial Bank PJSC (ADCB) Қазақстанда әмбебап банк ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Forbes басылымына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеген.

Әбілқасымованың айтуынша, 2024 жылдың шілде айында ADCB қаржы тобы «Al Hilal» Ислам Банкінің» 100% қарапайым акциясын сатып алуға рұқсат алған. Қазан айында бұл банк «ADCB Ислам Банкі» болып атауын өзгертті.

Банк ребрендингтен кейін шариғат нормаларына сәйкес жұмысын жалғастырып жатыр, алайда бөлшек қаржы институтынан корпоративтік клиенттерге басымдық беретін банкке айналмақ. Бұл жоба 2025 жылы ADCB-ның еншілес банкі негізінде құрылуы мүмкін.

«Қазіргі кезде біз заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз, бұл өзгерістер бір лицензия аясында дәстүрлі әмбебап банк қызметін де, ислами қаржы қызметін ұсынуға мүмкіндік береді. Осы өзгерістер қабылданғаннан кейін, Abu Dhabi Commercial Bank әмбебап қызмет көрсетуге рұқсат алмақ», – деп түсіндірді агенттік төрағасы.

Бұдан бөлек, ADCB Al Hilal банкінің жинаған тәжірибесін пайдаланып, Қазақстандағы қызметін кеңейтпек. Сонымен қатар, Әбілқасымова атап өткендей, Әбу-Дабиден келген инвесторлар ADCB еншілес банкін Орталық Азия мен Кавказдағы қызметін кеңейту үшін пайдаланбақ. Бас банк аймақтағы жобаларға Қазақстандағы еншілес банкі арқылы несие береді.

Қазақстанда Оңтүстік Кореяның BNK Financial Group Inc. тобына тиесілі микроқаржы ұйымын екінші деңгейлі банкке айналдыруға рұқсат берілген. Бұл ұйым келесі жылы банктік қызмет көрсету лицензиясын алуды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге Шығыс Еуропа мен Кавказ елдерінен, әсіресе, Грузиядан келген инвесторлар да Қазақстан нарығына қызығушылық танытуда. Әбілқасымова Венгриядағы екі ірі банкпен де ынтымақтастық мәселелерін талқылайтынын атап өтті.

Қытай банктері де Қазақстан қаржы секторына қызығушылық білдірген. Осыған байланысты мемлекет шетелдік банктердің филиалдарын ашу талаптарын жеңілдету жұмыстарын жүргізіп жатыр

Сондай-ақ оқыңыз