Шетелдегі шот пен пәтер: декларацияны кім, қашан және қалай тапсырады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
2026 жылы декларация қалай тапсырылады / Коллаж: .kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жалпыға бірдей декларациялау барысында құжатты қай кезге дейін тапсыру керек, шетелдегі және Қазақстандағы мүлікті немесе банктегі жиған-тергенді көрсету қажет пе деген сауалдар жиі қойылады. Осы ретте Қаржы министрлігі декларация тапсыру ережесін тағы бір түсіндіріп өтті.

Ең алдымен, декларация тапсыру міндеті туындаған жылы құжатты қағаз түрінде де, электронды түрде де 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет.

Банктегі депозиттерге келер болсақ, қазақстандық банктерде жатқан қаражатты декларацияда көрсетудің еш қажеті жоқ. Ал шетелдік банктердегі ақшаңыздың жиынтық сомасы 1000 айлық есептік көрсеткіштен (4 325 000) асса, оны міндетті түрде декларацияда көрсету керек.

Бұл ереже жылжымайтын мүлікке де қатысты. Қазақстанның бірнеше қаласында жеке пәтеріңіз болса да, оларды 250.00 нысанындағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда көрсетпейсіз. Себебі бұл декларацияға тек шетелде тіркелген жылжымайтын мүлік енгізіледі.

Зейнетке шыққан мемлекеттік қызметкер декларация тапсыруға міндетті ме

Сондай-ақ зейнетке шыққан бұрынғы мемлекеттік қызметшілердің де жағдайы ескерілген. Егер адам өткен жылы зейнетке шыққанымен, сол жылы мемлекеттік қызметте бір күн жұмыс істесе де, ол ағымдағы жылы 270.00 нысанды декларацияны тапсыруға міндетті.

Ал кейінгі жылдары ол бұл декларацияны тек белгілі бір жағдайларда ғана өткізеді. Соның ішінде өзі дербес салық төлейтін кіріс алса, шетелде мүлкі, активі немесе банк шоты болса, шетелде немесе елде жиынтық құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік не актив сатып алса, болмаса дебиторлық пен кредиторлық берешектері бар болса ғана тапсырады.

Мемлекеттік қызметші шетелдегі мекемелерге жұмысқа жіберілгенде, іс-сапарда болғанда, шетелде оқығанда, тағылымдамадан не емделуден өткенде, сондай-ақ заңды өкіл немесе қамқоршы ретінде кәмелетке толмаған баласымен бірге шетелде жүрген кезде ғана сыртта шот аша алады.

Алдағы уақытта салық декларациясын тапсыру тетігі толық жойылуы мүмкін. Өйткені әр азамат туралы мәліметті біріктіретін Smart Data Finance жүйесі жұмысын бастаған. Қаржы вице-министрі Әсет Тұрсыновтың айтуынша, егер жоба тиімділігін дәлелдесе, қазақстандықтар болашақта салық декларациясын мүлде тапсырмауы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз