«Самұрық-Қазына» 2023 жылғы таза кірісінен мемлекетке дивиденд төлемейді
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» 2023 жылғы таза кірісін бөлу тәртібін бекітті. Былтыр қор жалпы 1,7 трлн теңгеге жуық таза кіріс алған. Таза пайдасының 7%-ын немесе 50 млрд теңгесіy «Қазақстан халқына» қорына аудармақ.
«Самұрық-Қазына» қорының жалғыз акционерінің шешімі KASE сайтында орналастырылған. Таза пайданың 50 млрд теңгесі «Қазақстан халқына» қорына аударылса, қалғаны қордың өзінде қалады.
«Таза кірістің бір бөлігі инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру, борыштық міндеттемелерді өтеу және активтер сатып алу үшін қор мен оның компанияларының иелігінде қалдырылсын», – делінген Үкімет қаулысында.
2023 жылы Қор мемлекетке жалпы сомасы 1,4 трлн теңге көлемінде төлем жасаған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Соның ішінде 1,3 трлн теңге республикалық бюджетке дивиденд ретінде аударылды.
Ал 67 млрд теңгесі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына бағытталды. Қалған 133 млрд теңге әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға бөлінді.
«Самұрық-Қазына» қоры 2008 жылы құрылған. Жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі.