
Лондон қор биржасы инвесторларға тәулік бойына сауда жасауға мүмкіндік беретін жеке алаң ашуды жоспарлап отыр. Жаңа платформа 2027 жылдың алғашқы жартысында іске қосылуы мүмкін.
Түнгі сауда Лондон уақытымен 17:00-ден таңғы 07:50-ге дейін жүреді. Кешкі уақытта есеп айырысу жұмыстарын жүргізу үшін жарты сағаттық үзіліс қарастырылған. Ал биржаның негізгі нарығы бұрынғыдай 08:00-16:30 аралығында жұмысын жалғастырады.
Алғашқы кезеңде жаңа алаңда Ұлыбритания мен АҚШ қор индекстерін қайталайтын биржалық қорлар саудаланады. Жеке компаниялардың акциялары әзірге тізімге кірмейді.
Биржаның мұндай қадамға баруына криптовалюта нарығындағы тәулік бойғы сауда мен Азия инвесторларының сұранысы әсер еткен. Яғни Лондон енді Нью-Йорк жабылғаннан кейін де, Азия нарығы ашылғанға дейін де инвесторларды өз алаңында ұстап қалуға тырысады.
Тағы да оқыңыз: Жарты жылдың қорытындысы бойынша AIX Qazaq Index құрамындағы компаниялардың басым бөлігі минусқа кетті.