«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры Үкіметтің қосымша «қоржынына» айналды ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Tengenomica сарапшылары «Самұрық-Қазына» қоры Үкіметтің қосымша қоржынына айналды деп тұжырымдайды. Өйткені Қазақстан экономикасын қолдауға қор жыл сайын трилиондаған қаржы бөледі. Сарапшылар қордың мемлекет есебіне аударған қаржысын есептеп, осындай тұжырымға келген.

Мәселен, «Самұрық-Қазына» газ және мұнай салаларын субсидиялаған, сондай-ақ аймақтарға, құрылыс, қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларға қаржы салған. Мұның бәріне бөлінген қаржы шамамен 1,3 трлн теңгені құрайды. Одан бөлек «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сату мен дивиденд бар.

«Жалпы «Самұрық-Қазына» қорының функциясы мен қызметі портфельдік компаниялардың құнын арттырумен ғана шектелмейді. Қор сонымен қатар Қазақстан Үкіметінің қосымша бюджетіне айналып, экономиканы үнемі қолдап отыр. Бұл жайт Ұлттық қор секілді, әл-ауқат қорының бастапқы мақсаты айтарлықтай бұрмаланғанын байқатады», – деп жазады басылым.

«Самұрық-Қазына» мемлекетке қанша қаржы аударды?

Қор 2023 жылы 1,7 трлн теңге таза пайда алған. 20 қарашада Қазақстан қор биржасында жалғыз акционері – Қазақстан үкіметінің осы пайданы бөлу туралы шешімі жарияланды. Соған сәйкес, «Қазақастан халқына» қорына 50 млрд теңге бөлініп, қалған қаржы қор меншігінде қалуы тиіс еді. Алайда кешке қарай «Самұрық-Қазына» 2024 жылы мемлекет пайдасына 1,3 трлн теңге бөлгенін нақтылаған ақпарат таратты.

Оның ішінде 579 теңге дивиденд ретіде төленген. Әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 228 млрд теңге аударған. Бұл қаржыға аурухана мен тұрмысы нашар отбасыларға баспана салынған.

Одан бөлек, елдімекендерге газ құбырын жүргізуге 105 млрд теңге, жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қаржыландыру үшін 272 млрд теңге бөлген. Сонымен қатар:

  • Қайырымдылыққа – 10 млрд теңге;
  • Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге – 22 млрд теңге;
  • «Қазақстан халқына» қорына 50 млрд аударылады.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» 53,5 трлн теңгеге 130 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.

«Бұған дейін дивидендтерді төлеу және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру бойынша қабылданған шешімдерді ескере отырып, Қордың 2023 жылғы қаржылық есебін бекіту туралы Үкімет шешімі шеңберінде қосымша дивидендтер төлеу қарастырылмаған», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз