Қамауға алынған күдіктінің қашып кетуіне жол берген Талғар ауданы уақытша ұстау изоляторының бастығы мен жауапты қызметкер жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департаменттің мәліметінше, бұл оқиғадан кейін қызметтік тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша, қатаң шара қабылданған.
«12 қызметкер, соның ішінде бірқатар басшы атқарған лауазымдарынан босатылғанға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Уақытша ұстау изоляторының бастығы мен жауапты қызметкер теріс қылықтары үшін ішкі істер органдарынан шығарылды», – делінген Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жауабында.
Құзырлы органның айтуынша, құқықтық тәртіп пен заңдылық принциптерін сақтау – полицияның басты басымдықтары. Ереже бұзу немесе кәсібилігін дұрыс көрсетпеудің кез-келген көрінісі дереу жойылып отырмақ.
Айта кететін жайт, 21 қазанда Талғар ауданындағы уақытша ұстау изоляторынан 26 жасар күдікті қашып кеткен болатын. Ол бір үйде тұрып жатқан немере қарындасын зорлады деген күдікпен ұсталған еді. Артынша қашу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.