АҚШ пен Ұлыбританияда Minecraft видеоойынының тематикалық саябағы ашылады

Жарияланды 21 Қараша 2024 11:57

(жаңартылды 21 Қараша 2024 12:10)
Светлана Ғалымжанқызы

Светлана Ғалымжанқызы

Minecraft видеоойынының тематикалық саябағы ашылады
Minecraft видеоойынының тематикалық саябағы ашылады / Photograph: Merlin and TM & © Mojang AB

Mojang Studios компаниясы АҚШ пен Ұлыбританияда  Minecraft ойыны негізінде тематикалық саябақ жасау жоспарын ұсынды. Сәйкесінше, ойын жанкүйерлері ойынның шынайы әлеміне енуге мүмкіндік алады.  

Тематикалық саябақ жасаумен айналысатын британиялық Merlin Entertainment паркі Minecraft ойынының авторы Mojang Studios-пен келісім жасаған. Аталған британиялық компания Legoland-тің бірқатар тематикалық саябағын, Мадам Тюссо балауыз фигуралар мұражайын, Sea Life аквапаркі мен «Пеппа торай» саябағы мен тағы басқа британдық аттракциондарды жасаумен айналысады. Енді екі компания бірлесіп жалпы құны 100 млн еуро болатын Minecraft  аттракциондар кешенін салуға қатысты инвестициялық жоспарды назарға ұсынды. Жоба аумағында аттракциондар, қонақүй, дүкендер, мейрамханалар да салынады деп қарастырылған. Minecraft аттракциондары қазір жұмыс істеп тұрған Merlin саябағының жалғасы ретінде салынып, 2026-2027 жылдар аралығында жұмыс істейді. Аттракциондарды кейін басқа елдерге де тасымалдау көзделіп отыр. 

Жалпы бұл Merlin үшін алғашқы жоба емес. Ол тематикалық саябақ жұмысын 2005 жылы Legoland-ты сатып алудан бастаған. Осы күнге дейін саябақ санын 6-ға жеткізіп, 30-ға жуық Legoland орталығын ашқан. Былтыр Sony Pictures Entertainment-пен бірлесіп Жуманджи стиліндегі саябақ жұмысын бастады. 

Ал Minecraft үшін бұл бастама – жаңа серпіліс. Өйткені тематикалық саябаққа деген сұраныс – ойынның шын мәнінде танымал әрі ірі медиабренд ретінде қалыптасқанының айғағы. 2011 жылы жарыққа шыққан компьютерлік ойын сол кезден бері барлық платформаға бейімдетіліп, 300 млн-нан астам көшірмесі сатылып, 170 млн белсенді ойыншысы бар қауымдастыққа айналды. 2024 жылы тарихтағы ең жиі сатылған видеоойын ретінде танылды. 

2014 жылы Microsoft Mojang компаниясы мен Minecraft брендін 2,5 млрд АҚШ долларына сатып алды.

«Біз дижитал тұрғыда барлық жерде болсақ, Merlin физикалық тұрғыда барлық жерде. Мәселе Minecraft-ты ойыннан да үлкен дүниеге айналдыруымызда. Microsoft пен Mojang Minecraft брендімен айналысса, Merlin локациялық әсермен, жалпы бағытымен айналысады», – деді Microsoft-тың ойын индустриясындағы франшизаны дамыту бойынша вице президенті Кейлин Уолтерс. 

Minecraft – текше блоктардан тұратын ашық әлем туралы ойын. Ойыншылар ойдан әлем құрап, оны еркін зерттей алады, арнайы сценарий мен реалистік графика жоқ. Ойын негізінен ойыншы фантазиясына мүмкіндік береді, сондықтан ресурс тауып, нысандар салып, жаумен күресіп, тіпті жаңа жерлер ашуға болады. Сол себептен де болар Minecraft танымалдығы ойын экрандарынан да әрі қарай дамуға мүмкіндік берді. Ол видеоойын стримерлері үшін де қызық, осылайша YouTube-тегі видеосы көп ойынға айналды. 

Түпнұсқа тағы бірнеше спин-офф ойын мен кинофильм түсіруге шабыт берді. Дегенмен фильм әлі жарыққа шықпады. Джек Блэк пен Джейсон Мамоа басты рөлдерде ойнайтын фильм келер жылы сәуірде көрерменге жол тартады деген ақпарат бар. Басты тизер қыркүйекте жарияланды, алайда көбі оған негатив пікір білдірді. 

Сондай-ақ оқыңыз