Жаңалықтар

Украинадағы қазақстандықтар эвакуацияланып жатқан жоқ – СІМ ресми өкілі

Киевтегі шетелдік дипломатиялық корпус өз жұмысын жалғастыруда/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Украина мен Ресей арасындағы соғыстың эскалациясына қарамастан, Қазақстан елшілігі Киевтен кетпейді. Азаматтарды елден әкетуге ұмтылып жатқан жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Біздің Украинадағы Елшілігіміз штаттық режимде жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер министрлігінде әлемдегі жағдайға мониторинг жасайтын арнайы Ахуалдық орталық бар. Біздің мәліметімізге сәйкес, Киевтегі шетелдік дипломатиялық корпус өз жұмысын жалғастыруда және азаматтарын эвакуациялап жатқан жоқ. Қазақстандықтардан да эвакуациялау бойынша өтініштер түскен жоқ және қазіргі уақытта арнайы ұшақтарды жіберу жоспарда жоқ», – деп мәлімдеді ресми өкіл Украинадағы жағдайға қатысты түсініктемесінде.

Айбек Смадиярдың пікірінше, мұндай шара жасаудың қажеті жоқ.

«Украинада соғыстың жалғасып жатқанына екі жылдан асты. Кетемін деген азаматтар елден шығып кеткен. Бірақ біздің есебіміз бойынша Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Нақты санын айту қиынға соғады», – деді ресми өкіл.

Дейтұрғанмен, бұдан бірнеше күн бұрын Украина елшілігі қазақстандықтарға ел аумағынан кетуге шақырған.

«Қазақ дипломаттары өз жұмысын тиянақты атқарып келеді, егер отандастарымыздан өтініш түскен жағдайда оларға барлық қажет көмекті көрсетеміз. Дегенмен, жағдайдың одан әрі дамуына байланысты өз әрекетімізді жасаймыз», – деді Айбек Смадияр.