Демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу үшін, ғылыми-танымдық Qalam порталында жарияланған материалдар топтамасын ұсынамыз. Осы аптада: «Жапондықтар өлімге көндігуді қалай үйретеді?» танымдық мақаласымен таныс боласыз. Сондай-ақ өзгеше дөңгелек пішінді құпия петроглитердің сырлы да тылсым құпиясына қанығасыз және Qalam порталында ашылған жаңа фотоархив айдарында Түркістан альбомынан алынған 19 ғасырдағы киіз үй ісі туралы көне сүгіреттермен танысамыз. Айта кетерлік ерекше мазмұндардың бірі «Ресей империясы тұсындағы қазақтардың қажылығы» туралы құнды зерттеу мақаласы. Осы жауһар жазбаларды оқып, көзайым болыңыз.
Жапондықтар өлімге көндігуді қалай үйретеді?
Жесір қалған француз жазушысы (Изабель Юппер) Осакаға ұшып келіп, жергілікті оқырмандармен кездесу легін өткізеді. Оны баспагер Кендзо (Цуеси Ихара) күтіп алады. Екеуінің арасында баяу бір махаббат ұшқыны пайда болады. Дегенмен оның көзіне жүк беретін жерде, шомылатын бөлмеде, кейде кітап дүкенінде қолтаңба беріп жатқанда бақилық болған күйеуі Антуанның елесі көрініп, ойға шомып іштей мазаланады. Елестің рөліндегі Аугуст Диль Патриарх көлшігіндегі сайтанның бейнесінен әлдеқайда жағымды көрінеді.
«Жапониядағы Сидони» фильмін ішкерілей түсініп, бір ұлттың өлімге қалай көндігерін білгіңіз келсе сілтемеге өтіңіз.
Құпия петроглиф
Арқарлы станциясы жанынан пойызбен өтіп бара жатқан жолаушылар сол станцияның шығысындағы Шу-Іле тауларының төменгі жотасында Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Еуразиядағы ең үлкен петроглифтер топтамасы тұрғанын білмеуі әбден мүмкін.
Ежелгі адамдардың діни дүниетанымында дөңгелек — мәңгілік пен құдіретті Күннің бейнесі болған. Ол әлемнің құрылымы мен адамзаттың ондағы орнын көрсеткен. Дөңгелек бейнелері Жамбыл облысындағы Құлжабасы петроглифтер топтамасынан да көре аласыз. Өзгеше дөңгелек пішіндегі петроглифтің сырына қанық болғыңыз келсе сайтымызға кіріп, көзайым болыңыз.
19 ғасырдағы киіз үй ісі
1871 жылы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.П. Кауфманның бұйрығымен Түркістан альбомын шығару жұмыстары басталды. Бұл жоба отарлық фотосурет саласындағы маңызды бастама болды. Оның мақсаты — «Түркістан өлкесіндегі көшпелі және отырықшы халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттау» деп жарияланды. 1300 фотосуреттен тұратын басылым төрт бөлімге бөлінді: тарихи, археологиялық, этнографиялық және кәсіпшілік. Кәсіп туралы бөлімде түркістандық қазақтар мен қырғыздардың қолөнершілерінің тұрмыс тіршілігі бейнеленген. Олардың ерекше кәсібі, көшпелі өмір салтының ажырамас бөлігі — киіз үй жасау ісі.
Осы аптада 19 ғасырдағы киіз үй ісінен тың ақпараттар беретін деректі сұлу сүгіреттермен таныс боласыз.
Ресей империясы тұсындағы қазақтардың қажылығы
Ресей мұсылмандарының қажылық сапарға шығуы үнемі қауіпті әрі сынаққа толы болатын: табиғи апаттар мен аурулардан бастап, алаяқтар мен қарақшылардың құрбаны болу қаупімен бетпе-бет келетін. Қажылар сапардағы әсерін «қажынама» немесе «саяхатнама» деп аталатын хаттарда, күнделіктерде әртүрлі тілде жазып қалдырған. Бұл материалда ресей империясы тұсындағы, оба ауруы кезіндегі қиын да қауіпті және қасиетті сапар туралы әңгімелейтін боламыз.