Жаңалықтар

Мемлекеттік сатып алуда қызмет көрсетушілер автоматты түрде таңдалатын болды

Өндіруші туралы ақпарат түрлі дерекқорлардан алынады/фото: Kursiv.media мұрағаты

Жаңа мемлекеттік сатып алу туралы заң бойынша, бұдан былай тауар, жұмыс және қызмет тізбесі бекітіліп, абыройына дақ түспеген өндірушілерге басымдық берілмек. Сонымен қатар қызмет көрсетушілер автоматты түрде таңдалатын болды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлермен кездесу барысында Дәурен Кеңбейіл мәлімдеді.

 «Сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру маңызды. Бұл үшін абырой-беделі бар өндірушілер арасында сатып алу ұсынылады. Өндіруші туралы ақпарат түрлі дерекқорлардан алынады. Бұл қызмет көрсетушілерді автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді», – деді Дәурен Маратұлы.

Оның айтуынша, Қаржы министрлігі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауардың, жұмыстар мен қызметтің жекелеген тізбесін бекіткен.

Дәурен Маратұлының сөзіне қарағанда, заңның бірнеше бөлімі сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталыпты. Бұл қысқа уақыт ішінде өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қолданыстағы камералды бақылауды сақтау жоспарланып отыр. Бұл тапсырыс берушілердің жоғары талаптарды белгілеу фактілерін болдырмайды. Уәкілетті органның сатып алу қорытындыларының күшін жою құқығы алынып тасталған.

Тоқаев отандық бизнестің дамуын ынталандыру, мемлекет тарапынан қолдау жөнінде мәселе көтеріп отыр. Қаржы министрлінің дәйегінше, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң – бұл мәселенің орнықты шешімдерінің бірі.

«Мемлекеттік сатып алу ашық және жүйелі ұйымдастырылу тиіс. Сонда  бұл барлық тараптарға – мемлекетке де, бизнес пен азаматтарға да тиімді болмақ. Себебі, бәсекелестіктің артуына және қызмет пен тауар сапасының жақсаруына әкеледі», – деді Қаржы вице-премьері.

Қаржы министрлігі әр аймақтағы кәсіпкерлермен, мемлекеттік сектор және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесу өткізіп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға енгізілген өзгерістердің мәнін түсіндіріп жатыр.

Соңғы жиын  Өскеменде өтті. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов  мемлекеттік сатып алу арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау тәсілдері туралы айтып берді.