Ақтөбеде әскер қатарына шақырылған сарбаз өз-өзіне қол жұмсады
Қазақстанда әскер арасында тағы бір суицид оқиғасы тіркелді. Бұл жолы әскерге шақырылған азаматтың денесі Ақтөбе гарнизонынан табылды. Қазақстан азаматы күзет қызметін атқара жүріп, өз-өзіне қол жұмсаған.
«23 қарашада Ақтөбе гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде күзет қызметін атқарып жүрген мерзімді әскери қызметші бекітілген қарудан оқ атып, өз-өзіне қол жұмсады. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда», – деп хабарлайды Ақтөбе гарнизонының баспасөз қызметі.
Ақтөбеде тіркелген іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер әзірге жарияланбайды.
«Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің отбасы мен жақындарына көңіл айтты», – делінген хабарламада.
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында да әскери қызметкердің суицид жасағаны белгілі. Келісімшарттағы сарбаз қызмет еткен «Орталық» РМК 6505-бөлімшесінің басшылығы марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты.