Қазақстан 2025 жылы OPEC+ ұйымының «іштен шыққан жауына» айнала ма?
2025 жылы Қазақстан OPEC+ ұйымының «іштен шыққан жауына» айналуы ықтимал. Өйткені келер жылы Теңіз бен Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісін арттыруды көздеп отырған ел ұйымның мұнай өндірісін шектеу туралы шешімін қатаң ұстана алмауы ықтимал. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазады.
Басылым авторының пайымдауынша, 2025 жылы ұйым ішінде «мүдделер қақтығысы» орын алуы мүмкін. Себебі Қазақстанның Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының бірінші кезеңі күзде аяқталып, ал 2026 жылы екінші кезеңді аяқтау жоспарланған. Оған қоса 2025 жылы Теңізді кеңейту жобасын аяқталуы тиіс. Ал Теңіз кен орнында өндірілетін мұнай көлемі мұнайға деген сұраныстың төрттен бір бөлігіне тең болмақ.
«Қазақстан ОПЕК+ құрылғаннан бері (2016 жылдан) он жылға жуық уақыт бойы картель үшін күрделі серіктеске айналды. Ол көбіне квотадан артық мұнай өндірді. Бұл мәселе келесі жылы одан әрі ушығуы мүмкін, себебі елдегі ең ірі мұнай кен орнын кеңейтуге 45 млрд долларлық жоба аяқталуға жақын», — деп жазады басылым.
Ал ОПЕК+ 1 желтоқсандағы отырысында мұнай өндіру квоталарын арттыру мәселесін тағы да кейінге қалдыруы мүмкін.
«Егер картель кезекті кідірісті қолдаса, бұл Қазақстан үшін айтарлықтай проблемаға айналады. Мемлекет Теңіздегі өсімді өтеу үшін басқа кен орындарындағы өндірісті қысқартуға мәжбүр болады, өйткені бұл кен орнындағы өндірістің өзіндік құны ең төмен, бұл үкімет пен оның шетелдік серіктестері үшін тиімді», – делінген материалда.
Bloomberg ұйым үшін сыртқы қауіп ретінде әлсіз сұраныс, бәсекелестердің мұнай өндірісін ұлғайтуын және Дональд Трамптың АҚШ президенті болып қайта сайлануын атап өткен. Трамп сайланса, мұнай компанияларына қойылған шектеулерді жұмсартуға уәде еткен.
Сонымен қатар басылым Қазақстан, Ангола, Ирак және БАӘ сияқты бұған дейін ОПЕК+ шектеулерін елемеген елдердің жолын қайталауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Батыс БАҚ-ы бұл мәселе туралы қазан айының басынан бері жазып келеді. Bloomberg бұған дейін де Қазақстан мен ұйым арасында сызат түсуі ықтимал деп жазған.
Қазақстанның Қаржы министрлігі 2025 жылы табыстың 50%-ға дейінгі өсімін Теңіздегі өндірісті кеңейту есебінен жоспарлап отырғандықтан, бұл жобаны жүзеге асыру ел үшін өте маңызды. Ал 25 қарашада Қазақстан үкіметі мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарын растады (2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 88,4 миллион тоннаны құрауы мүмкін).