Миллиардер Айдын Рахымбаевқа тиесілі BI Development құрылыс компаниясы (BI Group-тың еншілесі) 2024 жылдың тоғыз айында 45,5 млрд теңге таза пайда тапқан. 2023 жылдың 9 айындағы 56,2 млрд теңге таза пайдасымен салыстырғанда 20%-ға азайғаны байқалады.
Қазақстан қор нарығында жарияланған қаржы есебіне сәйкес, BI Development-тің қаңтар-қыркүйек айларындағы түсімі 354,6 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17% азайған. Былтыр осы кезеңде компания түсімі 427,3 млрд теңгені құраған.
Компания қызметінің өзіндік құны 264 млрд теңгені құраған. Былтырмен салыстырғанда 21% қысқарған. Сонымен қатар шикізат пен материалға жұмсалған шығын 11% азайып, 139,4 млрд теңгені құрады. Есесіне құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалған шығын 38%-ға өсіп, 103,8 млрд теңгеге жеткен.
Компанияның жалпы активінің құны жыл басындағы 722 млрд теңгеден 41 пайыз өсіп, 1 трлн теңгеге жеткен. Айналымдағы активтерінің арасында компания қоры 491 млрд теңгеден 687 млрд теңгеге жеткен.
Жеке капиталы 118 млрд теңгені құрайды. Құрылыс компаниясының мойнында 905 млрд теңге міндеттеме бар. Компания биыл 2023 жылғы қызметі үшін 32 млрд теңге дивиденд төлеген.
BI Development – тұрғын үй салу және сатумен айналысады. Ол BI Group компаниясының құрамына кіреді. Түпкі иесі – миллиардер Айдын Рахымбаев. Forbes мәліметі бойынша, Рахымбаевтың байлығы 886 млн долларды құрайды.