Банк пен қаржы

Көлік министрі Марат Қарабаев зейнетақы қорының қаржысына қанша вагон сатып алынғанын нақты айта алмады

Фото: kursiv.media

Қазақстан ескірген пойыз вагондарын жаңартып жатыр. Көлік министрі Марат Қарабаев былтыр 118 вагон сатып алынды деп мәлімдеді. Биыл олардың қатары 143-ке жетсе, 2025 жылы 226 вагон сатып алу жоспарланған. Алайда министр соның қаншасы зейнетақы қоры қаржысына сатып алынғанын нақты айта алмады.

Сонымен қатар, министр келтірген цифрлар «Жолаушылар тасымалы» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Жәнібек Тайжановтың айтқанымен сай келмей тұр. Бұған дейін Жәнібек Тайжанов 2023 жылы мен 2024 жылдың І тоқсанында 150 вагон сатып алынғанын, тағы 157 вагон сатып алу жоспарланып отырғанын айтқан. Брифинг барысында журналистер қазақстандықтардың зейнетақы жинағына қанша вагон сатып алынғанын, қанша қаржы жұмсалғанын нақтылауды сұрады.

«Бұл ретте «Жолаушылар тасымалы» компаниясы бұрынғы басшысының мәлімдемесін екі факт бойынша қайта тексеру керек. Біріншіден, ол жеке тасымалдаушыларды еепке алып айтты ма? Екіншіден, біздің нақты цифрларымызға сүйенуді сұраймыз. Былтыр – 118 вагон, биыл 143 вагон сатып алынды», – деді министр.

Министр журналистің «БЖЗҚ-ның қанша қаржысына 2023, 2024 жылданы қанша вагон сатып алынды, 2025 жылы қанша вагон сатып алу жоспарланған?» деген сауалына нақты жауап берген жоқ. Өйткені вагон сатуп алуға зейнетақы қорының қаржысымен қатар, ҚТЖ-ның өз ақшасы жұмсалған.

«Бұл вагондардың бәрі БЖЗҚ қаржысына сатып алынған жоқ. Қаржыландыру көзі әртүрлі. Ең бірінші бұл – ҚТЖ компаниясының өз қаржысы. Қажет қаржының бір бөлігін «Бәйтерек» басқарушы холдингі берсе, бір бөлігі БЖЗҚ-дан алынды. Зейнетақы қорының қаржысына нақты қанша вагон сатып алынғанын айта алмаймын, оны әріптестерден нақтылау керек», – деді министр.

2024 жылдың басында Ұлттық Банк 173 млрд теңге зейнетақы активіне «Бәйтерек» холдингінің облигациясын сатып алған. Кейіннен бұл қаражатқа 3,3 мың вагон сатып алынатыны белгілі болды. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров әрбір жүк вагонының құны 30-35 млн теңге, ал жолаушылар вагонының құны 700-800 млн теңге болатынын мәлім еткен.Вагондар қазақстандық «Зиксто» компаниясынан сатып алынады. Байбазаров отандық өндірісті қолдау үшін дәл осы компания таңдалғанын айтқан.