Жаңалықтар

OPEC+ ұйымының мұнай өндірісін шектеуі тек АҚШ үшін тиімді болып тұр – Иран өкілі

Фото: shutterstock

Иранның OPEC+ ұйымындағы өкілі Афшин Жаван мұнай өндірісіне қойылған шектеулер тиімсіз, тек АҚШ-тан жеткізілетін мұнай көлемін арттырып жіберді деп мәлімдеді. Bloomberg басылымының жазуынша, Иран өкілі «осы жағдайдың салдарынан, ұйым мұнай өндірісіне қатысты шектеулерді жеңілдете алмайды» деген.

«Бұл стратегия бағаны қолдауға бағытталғанымен, ОПЕК+-тен тыс өндірісті, әсіресе, АҚШ-тағы өндірісті арттыруға ықпал етті. Бұл OPEC+-тің шектеулерді жеңілдету мүмкіндігін шектейді,» – деді ол Shana ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Иранның мәліметінше, 2025 жылы мұнайға деген жаһандық сұраныс төмендеуі мүмкін. Бұл OPEC+ ұйымы болжамымен сәйкес келмейді. Оған Қытай экономикасының құлдырауы себеп болуы ықтимал.

Бұл мәлімдеме OPEC+ елдері мұнай өндірісін қайта жандандыру туралы шешім қабылдайтын жиналыс қарсаңында жарияланды. Жаванның айтуынша, ОПЕК+ өндірісті арттырса, 2025 жылы артық ұсыныс салдарына қиындық туындауы мүмкін.

Бұған дейін Bloomberg «Қазақстан OPEC+ ұйымының іштен шыққан жауына айналуы мүмкін» деп жазған.

Өйткені келер жылы Теңіз бен Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісін арттыруды көздеп отырған ел ұйымның мұнай өндірісін шектеу туралы шешімін қатаң ұстана алмауы ықтимал. Себебі Қазақстанның Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының бірінші кезеңі күзде аяқталып, ал 2026 жылы екінші кезеңді аяқтау жоспарланған. Оған қоса 2025 жылы Теңізді кеңейту жобасын аяқталуы тиіс. Ал Теңіз кен орнында өндірілетін мұнай көлемі мұнайға деген сұраныстың төрттен бір бөлігіне тең болмақ.