Жаңалықтар

Қазақстан 2024 жылы қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны қысқартпақ

Фото: shutterstock

Қаржы министрлігі 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін тағы нақтыламақ. Министрлік бюджет шығынын оңтайландыру мақсатында бірқатар салаларға бөлінген қаржыны қысқартуды жоспарлап отыр.

Мәселен, биыл Қорғаныс саласына 45,9 млрд теңге қарастырылса, бюджеттің жаңа нұсқасында 42,9 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етуге кететін қаржы 15,2 млрд теңгеден 12,3 млрд теңгеге азайып, 3 млрд теңгені үнемдеу жоспаланып отыр.

Республикалық бюджеттен инвестициялық жобаларға бөлінетін қаржы 270 млрд теңгеден 264 млрд теңгеге қысқарады.

Шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық толық жарақтандыруға республикалық бюджеттен қарастырылған қаржыдан жарты млрд теңге үнемделмек.

Министрлік әзірлеген қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Құжат Бюджет кодексі мен Республикалық бюджет комиссиясының 2024 жылғы 25 қарашадағы № 25  шешіміне сәйкес әзірленген. Қаулы 30 қарашаға дейін ашық талқыда болады.