Эльдар Сәрсенов өзіне тиесілі JP Finance Group компаниясының бас директоры атанды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Эльдар Сәрсеновтің «JP Finance Group» ЖШС бас директоры қызметін атқаруға келісім берді. Бұл компания Эльдар Сәрсеновтің өзіне тиесілі. Қаржыгер осы компания арқылы «Нұрбанктің» 86,42% акциясын иеленеді.
Бұған дейін «JP Finance Group» ЖШС-ны Нұрбек Толымбеков басқарған. Сондай-ақ әр жылдары компанияны басқару ісіне басқа да тұлғалар араласқан.
JP Finance Group – «Нұрбанк» қаржы ұйымының ең ірі акционері. Ол «Нұрбанктің» 86,42% акциясын иеленеді. Ал Эльдар Сәрсенов – 2021 жылдан бері аталмыш компанияның жалғыз иесі атанған. Кәсіпкер «Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер» арасында 42-орында тұр.
Жалпы Сәрсеновтердің отбасына «Нұрбанк» АҚ, «Виктория» сақтандыру компаниясы, Helios жанармай құю станциялары желісі және «Ақсай нан» зауыты тиесілі. Сонымен қатар алтын өндіруші – «AltynEx Company» АҚ, «Көкше-Цемент» өндірістік бірлестігі» ЖШС, «Кастинг» ЖШС металлургиялық компаниясы, «Oil Real Estate» ЖШС (жылжымайтын мүлікті басқару), «Нефтехим Компани LTD» ЖШС (полипропилен өндірісі), «Caspian Food» ЖШС, «Текелі тау-кен байыту комбинаты» ЖШС-ға иелік етеді.
«Нұрбанк» – мемлекеттен көмек алған 6 банктің біреуі. Ол 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына қатысқан.