Ресей Қазақстанның үш қаласында салатын жылу электр орталығы құрылысына қанша қаржы керек болатыны 2025 жылдың басында ғана белгілі болады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
Министрдің айтуынша, қаржыландырудың соңғы схемасы әлі де пысықталып жатыр.
«Болжам бойынша қаржыландыру Ресей тарапынан ұйымдастырылады. Бірақ соңғы параметрлерді әлі білмейміз», – деді министр.
Байбазаров келісімде несие сомасы жоқ екенін, қаржыландыруды ұйымдастыру схемасы мен сомасы анық болу үшін қосымша келісімге қол қою мәселесі пысықталып жатқанын айтты.
«Менің білуімше, бір ЖЭО-да ТЭН әзірлеу жүріп жатыр. Сондықтан жыл басына қарай бірінші тоқсанда біз барлық сараптаманы, соның ішінде мемлекеттік сараптаманы, құн жобасын ескере отырып, нақты айта аламыз», – деді министр.
Ол Көкшетау, Семей және Өскемендегі ЖЭО құрылысы тартылған инвестициялар есебінен немесе «Самұрық-Қазынаның» бір бөлігі есебінен жүргізілетінін нақтылады.
«Бұл инвестиция және несие салынған кезде қаржыландырудың қалыпты схемасы. Техникалық сараптаманың соңғы нәтижелерін күтейік, содан кейін ашық айтамыз, мұнда ешқандай құпия жоқ», – деп қорытындылады ол.
Бұған дейін Қазақстан Ресеймен Көкшетау, Семей және Өскеменде үш жаңа көмір ЖЭО салу туралы келісімге қол қойған. Жобалар бойынша уәкілетті ұйым ретінде Ресейден «ИНТЕР РАО – Экспорт» ЖШҚ және Қазақстаннан «Самұрық-Энерго» АҚ болып белгіленген.