Путин қазақ жерінде көрсетілген құрметке алғыс айтып, Тоқаевты жаңа жыл алдында Ресейге шақырды
РФ Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ҰҚШҰ сессиясына қатысу үшін Қазақстанда салтанатты түрде қабылдап, сый-құрмет көрсеткені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Путин Тоқаевты жаңа жыл алдында Санкт-Петербургке арнайы шақырды.
«Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Біз – достас елдерміз. Қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым-қатынасты да қолдаймыз. Ұдайы байланыстамыз», – деді Владимир Путин.
Сондай-ақ Ресей Президенті мемлекет басшысын жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуге және келер жылы 9 мамырда өтетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға шақырды. Путин айтулы күн екі елдің ортақ жеңісі екенін атап өтті.
«Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Біз Қазақстан Президентінің осынау маңызды жұмыстарға әрдайым ықылас қойып отыратынын жақсы сезінеміз. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз», – деді Ресей Президенті.
Еске сала кетсек, бүгін, 27 қарашада Ресей башысы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Оны Астана әуежайынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алды. 28 қарашада Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ сессиясы өтеді.
Осыған дейін «Курсив» Астана әуежайында Ресей президенті Владимир Путинді қарсы алуға арналған баннерлер пайда болғаны жайлы жазған еді. Онда «Мәртебелі, Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!» деп жазылған.