2024 жылы доллар/теңге жұбында доллардың құны 10%-дан аса өсті. 27-28 қарашада теңге Ресей рублінің соңынан «ілесіп» қатты құнсызданды. Айырбастау пункттері долларды орта есеппен 520-522 теңгеге сатып жатыр. Осы орайда Қазақстан қаржыгерлерінің сарапшылары теңгенің қатты құнсыздануы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуіне мүмкіндік бермейді деп тұжырымдайды.
«Теңгенің күрт әлсіреуі Ұлттық банктің ертеңгі отырысында базалық мөлшерлемені төмендету циклін қайта бастау мүмкіндігіне кедергі», – деп жазады сарапшылар.
27 қараша күні Қазақстанның валюта нарығында шетел валютасын сатып алушылар белсенділік танытқан. Оған себеп – мұнайдың арзандауы мен рубльдің қатты құлдырауы. Сауда-саттық қорытындысы бойынша, USDKZT жұбының бағамы 1,84 теңгеге өсіп, 1 доллар үшін 500,42 теңгеге жетті. Сауда көлемі өте жоғары болып, 455,4 млн долларды құрады. Өсім – 252,3 млн долларға тең.
Қаржыгерлер шетел валютасына сұраныстың артуына бірнеше фактор ықпал еткенін айтады. Олардың қатарында валюта бағам бойынша болжамның нашарлауы, сол сәттегі эмоцияға негізделген импульсивті әрекеттер, сыртқы қарызды өтеу қажеттілігі мен тауар импортының артуы бар.
«Осы тоқсанда сыртқы қарыз бойынша төлем 10,2 млрд долларды құрауы мүмкін, бұл үшінші тоқсандағы 8,7 млрд доллармен салыстырғанда 17%-ға артық», – деп түйіндейді сарапшылар.
27 қараша күнгі қорытынды бойынша валюта нарығында 1 (АҚШ) доллардың құны 502,45 теңге бағамында жабылды. Бұл – 2022 жылдың 25 наурызынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Басты себеп – Ресей рублі. Ресей рублі соңғы бір аптада 12,47%-ға құнсызданған. Ал рубльдің құнсыздануы теңгеге әсер етіп жатыр.