Халық долларды қымбаттағанына қарамастан сатып алып жатыр
Доллардың қымбаттағанына қарамастан, халық айырбастау пункттерінен долларды көптеп сатып алып жатыр. Ұлттық банк статистикасына сүйенсек, қазанда айырбастау пункттеріндегі қолма-қол долларларға деген сұраныс қыркүйек айындағы көрсеткішпен бірдей қалыптасқан.
Өткен айда долларды таза сату көлемі (халықтан сатып алынған валютаны шегергенде) 170 млрд теңгені ($350 млн) құраған. Ал қыркүйек айында қазақстандықтар айырбастау пункттерінен 169,5 млрд теңгеге ($353 млн) доллар сатып алған болатын. 2024 жылы доллар сатылымының шарықтау шегі қаңтарда байқалған. Ол кезде азаматтар 190 млрд теңгеге доллар сатып алған.
Қазан айында долларды шымкенттіктер көп сатып алыпты. Шымкент қаласының айырбастау пункттерінде 50 млрд теңгеге доллар сатылған. Одан кейін Алматы мен Астана. Алматы қаласының айырбастау пункттері 38,5 млрд теңгеге доллар сатса, астаналықтар 20 млрд теңгенің долларын айырбастаған.
Өткен айда қазазқстандықтардың еуроға деген сұранысы да артқан. Қыркүйек айында айырбастау пункттері 3 млрд теңгеге тең еуро сатса, қазанда оның көлемі 17,9 млрд теңгеге жектен. Еуроға Алматыда сұраныс жоғары. Одан кейін Астана мен Шымкент келеді.
Сонымен қатар қазан айында қыркүйекпен салыстырғанда рубльдің сатылымы күрт өскен. Алдыңғы айда қазақстандықтар 239 млн теңге болатын рубльді айырбастау пункттеріне тапсырған еді. Ал қазан айында 8,8 млрд теңгенің рублін сатып алды. Рубльге деген сұраныс Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстанда жоғары.