Kaspi Bank биыл 9 айда 378,9 млрд теңге таза пайда тапқан

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Фото: .kursiv.media

Kaspi Bank 2024 жылдың 9 айында 378,9 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға артық. Былтыр осы кезеңде банк 346,9 млрд теңге таза пайда алды. Бұл жайында қаржы ұйымының 3-тоқсан нәтижесі бойынша қаржы есебінде жазылған.

Банктің таза пайыздық кірісі – 302,4 млрд, ал пайыздық емес кірісі – 354 млрд теңге болған. Нәтижесінде операциялық кірісі 656,4 млрд теңгеге жетті. Ал операциялық шығыны 127,5 млрд теңгеге тең.

Соның ішінде 48,4 млрд теңгесі қызметкерлеріне төленген жалақы болса, әкімшілік шығын 20,8 млрд теңгені құраған. Банк 9 айда жарнама мен маркетингке 9,35 млрд теңге жұмсап, қайырымдылыққа 1,7 млрд теңге аударған. Салық пен жалға алуға 11 млрд теңгеден астам қаражат, басқа да шығындарына 19,5 млрд теңге жұмсаған.

Kaspi Bank -Қазақстандағы 21 ЕДБ арасында актив көлемі бойынша екінші орында тұрған қаржы ұйымы. Биыл 9 айда оның активі жыл басындағы 6,65 трлн теңгеден 7,4 трлн теңгеге жеткен. Соның 5,2 трлн теңгесі – клиенттерге берілген қарыз.

Міндеттемелері болса, 5,9 трлн теңгеден 6,5 трлн теңгеге дейін өсті. Соның ішінде клиенттердің қаржысы 5,7 трлн теңгеден 6,2 трлн теңгеге жеткен. Капиталы 915 млрд теңгені құрайды. Kaspi Bank Kaspi Group қаржы тобының құрамына кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз