Жаңалықтар

Украинадағы соғыстың өршуіне Қазақстан қауіпсіздігінің қандай қатысы бар – Қорғаныс министрлігі жауап берді

Украинадағы соғыстың Қазақстан қауіпсіздігіне қатысы бар ма
Украинадағы соғыстың Қазақстан қауіпсіздігіне қатысы бар ма / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Украинадағы қақтығыстың күшеюі аясында Қазақстанға тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен Ресеймен көршілес отырғандықтан, қауіпсіздік шараларын күшейту қажет. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің KursivMedia сауалына ресми жауабында жазылған.

22 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, Президент әкімшілігіне, барлық күштік құрылымдар мен әкімдіктерге әскери және азаматтық объектілердегі қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды. Бұл Украинаның төңірегінде жағдайдың шиеленісуіне байланысты деп түсіндірілген.

Қорғаныс министрлігі президенттің тапсырмасын қалай орындайтынын түсіндірді. Ведомство заңнамаға сәйкес әскери объектілердегі қауіпсіздік шарасын қолданады. Азаматтық нысандардың жұмысына араласа алмайды, бірақ қажет болған жағдайда қарулы күштер оларды күзете бастайды. 

«Бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери объектілерде қауіпсіздікті сақтауы ұлттық заңнама нормаларына сәйкес ұйымдастырылған. Азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ҚР Қорғаныс министрлігінің құзырына жатпайды. Дегенмен қажет болған жағдайда ҚР Қарулы Күштері аса маңызды объектілерді, оның ішінде инфрақұрылымды қорғау шараларына қатыса алады», – делінген министрдің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев қол қойған жауапта.

Ведомство Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс аясында Қазақстанға тікелей қауіп жоғын атап өтті. Бірақ эскалация дәрежесі жоғарылаған кезде бірқатар қауіп туындауы мүмкін. 

«Қазақстанның Ресей-Украина қақтығысына қатысты бейтарап ұстанымын ескере отырып, бүгінгі таңда Қазақстан тарапына қандай да бір тікелей қатер жоқ. Бұл ретте, шиеленісу дәрежесінің жоғарылауына ықпал ететін күтпеген факторларға байланысты бірқатар экономикалық, әскери және басқа да қауіптердің туындауы жоққа шығара алмаймыз», – делінген жауапта. 

Қазақстан соғыс аймағына жақын орналасуына байланысты өз аумағында қауіпсіздікті күшейтуде. 

«Украина аумағындағы қарулы қақтығысты және Ресей Федерациясының кейбір облыстарындағы әскери шараларды елемей отыруға болмайды. Қазақстан-Ресей шекарасының ұзақтығын ескере отырып, ең алдымен шекаралық аймақта қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған алдын алу шаралары жасалады», — делінген жауапта.

22 қарашада Тоқаев қауіпсіздікті күшейту туралы тапсырма берген кезде осы оқиға байланысты сарапшылар пікір сұраған едік.