«Сапарбаев пен Нәлібаевтың туысы дегенді естігенде, қуандық». Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының әкімі туралы айтты
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды не себепті Түркістан қаласының әкімі ретінде ағайынды Сапарбаев пен Нәлібаевтың туысы Әзімбек Пазылбекұлы таңдалғанын айтты.
Жиында журналист өңір әкімінен қала басшылығы лауазымына не себепті жас маманды алып келгенін сұрады.
«Жуырда Түркістан қаласының әкімі болып 33 жастағы Әзімбек Пазылбекұлы тағайындалды. Аталған азамат Сапарбаев пен Нәлібаев әулетінің өкілі деген ақпарат айтылды. Жалпы 33 жастағы азамат қала әкімі болатындай қандай еңбек сіңірді?», – деп сауал қойды БАҚ өкілі.
Облыс әкімі Түркістан қаласының әкімі болуға лайықты адам ретінде Пазылбекұлы таңдалғанын, тіпті жұмысқа шақыратын кезде оның ағайынды Сапарбаев пен Нәлібаевтардың туысы екенінен хабары болмағанын айтты. Әкім маман таңдағанда «туысқандыққа емес, тәжірибеге мән бергенін» атап өтті.
«Қала әкімі болуға лайық деп тәжірибесі өткен адамды айтамыз. Біз оны жұмысқа Сапарбаев пен Нәлібавтың туысы болғаны үшін шақырған жоқпыз. Оны шақырған кезде мен {туысқан екенін} білмедім де, шын айтсам. Фамилиясы басқа, тағы басқа дегендей. Біз іздеген кезде осы лауазымға сәйкес келетін азаматтар әкім болсын дедік», – деп мәлімдеді әкім.
Сатыбалды Түркістан қаласының маңайында инфрақұрылым дамымағанын, сол жұмысты жас әкімнің лайықты деңгейде орындайтынына сенім білдіріп отырғанын жеткізді. Сонымен бірге әулетінің атына кір келтірмейді, ұятқа қалдырмайды деп сенім артып отырғанын да жасырмады.
«Ол жігіт 10 жылдан бері Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде жұмыс істеген. Бір жыл сол комитетті басқарған. Сондықтан өңірге пайдасы тиетін шығар деп, қала басшылығына алып келіп отырмыз. Біріншіден, Астана көрген. Екіншіден, тәжірибесі бар. Сапарбаев, Нәлібавтың туысы дегенді естігенде, біз де қуандық. Өйткені сондай текті әулеттен шығып отырғаннан кейін, өз атына кір келтірмей, үлесін қосады, жауапкершілігі артады деп ойлаймыз. Көрейік, алдыда қалай боларын. Жан-жақтан да көмектесеміз. Бірақ енді тәжірибесі бар жігіт ұялтпайды деп сенеміз», – деді Сатыбалды.