Грузия Еуропа Одағына кіру бастамасын 2028 жылы ғана қарастырады
Грузия Еуропа одағына кіру туралы келіссөздерді 2028 жылдың соңына дейін ысырып тастады. Бұл туралы 28 қарашада өткен брифингте Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзе айтты.
Бүгін Еуропарламент Грузияға қатысты қарар қабылдап, онда сайлау нәтижелерін мойындамай, жаңа дауыс беруге шақырды. Оған қоса Еуроодақты осы елдің премьер-министрі мен партия жетекшілеріне қарсы санкция салуды сұрады.
Сол себепті «Грузин арманы» партиясы дәл сол уақытқа дейін Еуроодақтың кез келген бюджеттік гранттарынан бас тартатынын мәлімдеді. Дегенмен бірнеше жылдан кейін, одақ құрамына енуге талпынатынын да жоққа шығармады.
«Грузия 2030 жылы Еуропа одағына кіру бойынша келіссөздерді бастауға 2028 жылы лайықты түрде дайындалады. Біз тоқтамаймыз және Еуропалық Одақпен бірігу және еркін сауда туралы келісім бойынша барлық міндеттемені орындаймыз», – делінген хабарламада.
Бұған дейін премьер-министр Грузияның Ресеймен қарым-қатынасында прагматикалық саясат ұстанатынын да айтқан.
«Прагматикалық саясат – бейбітшілікті сақтаудың және еліміздің стратегиялық мүдделерін қорғаудың негізгі құралдарының бірі», – деді Кобахидзе.
Еуропарламент санкция құрығын кімдерге бағыттау керек екенін атап өткен. Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, Тбилиси мэрі және биліктегі «Грузин арманы» партиясының бас хатшысы Каха Каладзе, Грузия парламентінің спикері Шалва Папуашвили және «Грузин арманы» партиясының төрағасы Ираклий Гарибашвили Еуроодақтың көз қырыны ілінуін мүмкін. Сондай-ақ саяси астарлы үкім шығарған грузин судьяларын да Еуроодақтың санкция тізіміне енгізу ұсынылып отыр.