Путин «Росатом» компаниясының Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысуы мүмкін екенін мәлімдеді
Путин Ресей компаниясының Қазақстанда АЭС құрылысын салуға қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Ол Қазақстанның өзі шешім қабылдайтынын атап өтті.
«Біз бұл тұрғыда «Росатомның» артықшылықтарын атап өттік, бірақ Қазақстанның өзінің технологиялық және қаржылық шешімдерін таңдауға құқығы бар», – деді Ресей басшысы Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін РФ-ның Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Росатом» іске кірісуге дайын екенін мәлімдеді. Ол осы компания басқа елдердің консорциумдарымен бірлесе жұмыс істей алатынын айтқан.
Путинмен ілесе келген «Росатом» корпорациясының басшысы Алексей Лихачев Қазақстан рұқсат берсе, білек сыбанып кірісетіндерін жария етті. Атом технологиясының қыр-сырын білу үшін Қазақстан азаматтарының көбі Ресейдегі АЭС нысандарымен танысқанын да атап өтуді ұмытқан жоқ.
«Кішіпейіл болмай-ақ қояйын. Мұндай жобаларға үлкен халықаралық консорциумды жинай аламыз деп айта аламын», – деп нақтылады сөзін корпорация жетекшісі.
2024 жылдың 6 қазанында Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. Елімізде нысан құруды сайлаушылардың 71,12%-ы қолдаған. Референдумға барлығы 7,8 миллион адам (63,66%) қатысты. Энергетика министрлігі стратегиялық станцияны кімдер салатынын 2025 жылы белгілі болатынын мәлімдеген.