Грузия ЕуроОдақпен келіссөздерді тоқтатқаннан соң, президент наразылық акциясына шықты
Грузия Үкіметі елді ЕуроОдаққа кіргізу туралы келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтатқаннан кейін, ел президенті Саломе Зурабишвили Тбилисидегі наразылық акциясына қосылды.
DW басылымының ақпаратына сүйенсек, 28 қараша күні күндіз басталған наразылық акциясына кешкі уақытта президент те келіп қосылған. Ол билеуші «Грузин арманы» партиясының саясатына ашық қарсылық білдірген.
«Мен осындамын. Осы адамдармен біргемін. Әрқашан бірге боламын. Бүгін басталған қарсылық, жаңа сайлау тағайындалғанға дейін жалғасады. Бұл елдің ішіндегі де, сыртқы саясаттағы да басты мақсат. Біз өз ойымыздан бас тартпауымыз керек», – деді президент.
28 қараша премьер-министр Ираклий Кобахидзе елдің ЕуроОдаққа кіру туралы келіссөздерін 2028 жылға дейін шегеретінін айтқан. Осыдан кейін Грузияның бірнеше қаласында жаппай наразылық акциясы басталды. Тбилисидегі Руставели алаңына жиналған халық парламент ғимаратының темір қоршауларын қағып, өз наразылықтарын білдірген.
Елдің қауіпсіздік күштері наразылық акциясына қатысушыларға қарсы суық су мен көзден жас ағызатын газ атып, наразылық білдірушілер Руставели алаңынан қуылып жатыр. Грузия халқы алаңға оралуға тырысып келеді. Бірқатар демонстранттар университет аймағында топтасып, баррикада жасай бастады.
Премьер-министр Кобахидзе ЕуроОдаққа кіру келісімін тоқтатып қана қоймай, одақтан алатын несиелер мен гранттардан да бас тартуды ұсынған.
Айта кетейік, 28 қарашада Еуропарламент Грузияда өткен парламент сайлауының қорытындысын мойындамай, елде жаңа сайлау өткізуді талап еткен.
Елде 26 қазанда өткен парламент сайлауында Ресей саясатына жақын «Грузин арманы» партиясы жеңіске жеткен. Осыдан кейін елде жаппай наразылық акциялары басталып, сайлауды қайта өткізу туралы талаптар қойылған. Премьер-министр сайлау қорытындысын мойындап, парламент оны қызметінде қалдырған. Ал президент нәтижені мойындамай, халықты алаңға шақырған. Парламент президенттің уәкілеттігін тоқтатып, жаңа президент сайлау мәселесін қараған.