«Астана» Конференция лигасында португалиялық «Виториямен» тең ойнады

Жарияланды 29 Қараша 2024 08:33

(жаңартылды 29 Қараша 2024 10:22)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Астана – Витория ойыны тең аяқталды / фото: Астана ФК

Алматы қаласының Орталық стадионында өткен UEFA Конференция лигасының 4-турында «Астана» футбол клубы португалиялық «Витория Гимарайнш» командасымен ойнады. Бұл матчта екі ұжым ұпай бөлісіп, 1:1 есебімен тең тарқасты.

Бірінші тайм тең жағдайда өтті. Матчтың 40 минутында «Астана» сапындағы хорватиялық қорғаушы Бранимир Калаица бұрыштамадан келген пасты сәтті пайдаланып, есеп ашты – 1:0.

Екінші таймда португалиялық команда шабуылдарын жиілетті. Қорғанысқа басымдық берген елордалықтар 89 минутқа дейін есепті ұстап тұрды. Алайда алаңға екінші таймда шыққан венесуэлалық Хесус Рамирес баспен гол соғып, есепті теңестірді – 1:1.

Турнирлік кестеде «Витория» 9 ұпаймен 5-орында болса, «Астана» 3 ұпаймен 25-сатыда тұрған еді. Конференция лигасының ережесіне сәйкес, алғашқы сегіздікке енген командалар бірден 1/8 финалға жолдама алса, 9-24-орын иегерлері плей-офф кезеңінде бақ сынайды.

«Астана» алғашқы ойында жеңіске жеткенімен, кейінгі екі сырт алаңдағы матчқа қосалқы құрамды апарып, жеңіліске ұшырады. Бұл жолы бас бапкер Григорий Бабаян негізгі құрамды алаңға шығарды. Құрамда тек Ян Вороговский қазақстандық ойыншы ретінде өнер көрсетті, қалғаны легионерлер болды.

Бұл тең ойыннан кейін «Астана» 4 ұпаймен, турнирлік кестедегі жағдайын сәл жақсартты. Команда енді 12 желтоқсанда Алматыда Англияның атақты «Челси» клубын қабылдайды. Қарсылас әзірге топтық кезеңде барлық матчта жеңіске жетіп, ұпай жоғалтқан жоқ. Бұл ойынға билеттер сатылымының екінші кезеңі болады.

Сондай-ақ оқыңыз