Қазақстандық компаниялардың директорлар кеңесіндегі шетелдіктер мен әйелдердің үлесі қанша?

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Qazaq Independent Directors (QID) қауымдастығы «Директорлар кеңесінің тәжірибесіне шолу» есебін дайындады / Фото: Shutterstock

Qazaq Independent Directors (QID) қауымдастығы 2024 жылы Қазақстандағы директорлар кеңестерінің қызметін талдауға арналған «Директорлар кеңесінің тәжірибесіне шолу» есебін дайындады. Зерттеу 54 ірі компанияны қамтыды, оның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға жататын 16 ұйым бар.

Қазақстан компанияларындағы директорлар кеңесінің саны: QID зерттеуі

QID зерттеуге сәйкес, Қазақстандағы барлық компанияның директорлар кеңесінде орташа есеппен 5,5 адам бар. Алайда компания түріне байланысты көрсеткіштер әртүрлі, мысалы, жария компанияларда директорлар кеңесінің орташа саны – 5,1 адам. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда бұл көрсеткіш едәуір жоғары, орташа есеппен 7,3 адам, яғни үштен бірге көп.

Қазақстандық компаниялардағы директорлар кеңесінің саны 3 пен 10 адамға дейінгі аралықта болады. Бұл ретте ең жиі кездесетін кеңес құрамы 3 және 5 адамнан тұрады. Ең көп директорлар кеңесі «Бәйтерек» ҰБХ АҚ және «Қазақстан қор биржасы» АҚ-да тіркелген.

Директорлар кеңесі мүшелерінің орташа жасы

Барлық зерттелген компания бойынша директорлар кеңесі мүшелерінің орташа жасы – 51,8 жасты құрайтыны анықталды. Алайда шамамен 11% жағдайда компаниялар кеңес мүшелерінің туған күнін жария етпеген. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы директорлардың жасы жария компаниялардағы әріптестерінен шамамен 3 жасқа кіші болып шықты.

Ал директорлар кеңесі төрағаларының орташа жасы – 52,4 жас. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы төрағалар айтарлықтай жас, олардың орташа жасы – 45,6 жас, бұл басқа секторлармен салыстырғанда 7 жасқа кіші.

Директорлар кеңесі төрағаларының ішінде жасы ең үлкені 76 жас болып шықты. 76 жастағы төраға ALTYNCOLD plc жекеменшік компаниясының директорлар кеңесін соңғы 11 жыл бойы басқарып келеді.

Директорлар кеңесіндегі әйелдер

Шолуға енгізілген қазақстандық компаниялардың директорлар кеңесіндегі әйелдердің үлесі 13,2% құрайды. Ал компаниялардың жартысына жуығында (44,4%), керісінше әйелдер директорлар кеңесінің құрамында мүлдем жоқ.

Әйелдердің ең жоғары үлесі мемлекеттік және квазимемлекеттік компанияларда тіркелген. Ондағы әйелдер саны 13,8%-ды құрайды. Жекеменшік компанияларда 12,8% көрсеткішпен сәл төмен. Ал жария компанияларда керісінше, әйелдердің үлесі ең аз болып шықты – 11,3%.

Зерттеу жүргізген шолу авторлары қазақстандық компаниялардағы директорлар кеңесіне әйелдердің қатысу деңгейі өзге елдермен салыстырғанда төмен екенін атап өтті. Мәселен, әйелдер үлесі 11,3% болатын қазақстандық жария компаниялардың корпоративтік басқару тәжірибесі Чилимен (11%) және Гонконгпен (14%) салыстырғанда соңғы орында. Бұл ретте Франция мен Норвегия директорлар кеңесінде әйелдер үлесі бойынша көш бастап тұр – 45%.

Шолуға қосылған мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардың әрбір үштен бірінің директорлар кеңесінің құрамында әйелдер мүлдем жоқ. Бұл жағдай мемлекеттік акционерлік қоғамдар үшін корпоративтік басқарудың үлгілік кодексі ұсынған әйелдер үлесінің кемінде 30% болуы туралы ұсынысқа сәйкес келмейді.

Алайда,кейбір компаниялар бұл ұсынысты орындайды:

«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ – әйелдер үлесі 50%,

«Отбасы банк» АҚ – 40%,

«Қазақстан қор биржасы» АҚ – 30%.

Десе де директорлар кеңесіндегі әйелдер үлесі басым қазақстандық компаниялар да бар. Мәселен, «АзияАгроФуд» АҚ – 66,7%, «Баян Сұлу» АҚ – 60%, «АлмаТел» АҚ – 40%.

Шетелдік директорлар…

Шетелдік директорлардың жалпы директорлар кеңесінде алатын үлесі 24,4% құрап отыр. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы компанияларда бұл көрсеткіш 18,1%, ал жекеменшік компанияларда 28,5% құрады, яғни 4 пайыздық пунктке жоғары.

Шетелдік директорлардың арасында тәуелсіз директорлардың үлесі 59,7%, бұл барлық директор кеңесіндегі тәуелсіз директорлардың жалпы үлесінен (24,4%) 2,4 есе жоғары. Сонымен қатар тәуелсіз директорлардың шамамен үштен бірі (43 адам, немесе 34,4%) шетелдік азаматтар.

Сондай-ақ оқыңыз