Грузиядағы наразылық: полиция мен халық арасындағы қақтығыс орын алып, жүзден аса адам қамалды
Грузия Ішкі істер министрлігі Тбилисидің орталығындағы парламент ғимараты алдындағы наразылық акциясы «заңмен белгіленген шеңберден шығып кетті» деп мәлімдеді. Наразылық кезінде бірнеше полиция қызметкері зардап шеккен.
«Ереуіл қатысушылары бірнеше сағат бойы полиция қызметкерлеріне балағат сөз айтып, шабуыл жасады. Наразылық білдірушілер әртүрлі заттар мен пиротехника лақтырды», – делінген мәлімдемеде.
Полиция наразылық білдірушілерді парламенттің қақпасына зақым келтіріп, өрт шығарып, тәртіп бұзды деп айыптады. Министрлік демонстранттарды «заңсыз әрекеттерден бас тартуға және полиция нұсқауларын орындауға» шақырды, әйтпесе күш қолдану шаралары қабылданатынын ескертті.
Тбилисиден бөлек, Гори, Телави, Лагодехи, Кутаиси, Зугдиди және Батуми қалаларында да митинг өтті. Бұл наразылық ел билігінің Еуроодаққа кіру туралы келіссөздерді 2028 жылға дейін созу туралы шешімімен байланысты. Осы шешемі нәтижесінде наразылық білдірушілер мен күш құрылымдары арасында қақтығыс орын алды.
Грузия президенті Саломе Зурабишвили полицияны наразылық білдірушілерге күш қолданбауға шақырды. Наразылыққа шыққан 100-ден аса адам қамауға алынған.
Елдегі наразылық 2024 жылдың қараша айында парламент сайлауының нәтижесі салдарынан өршіді. Сайлау қорытындысы бойынша «Грузин арманы» партиясы жеңіске жеткенімен, оппозиция мен президент Саломе Зурабишвили бұл нәтижені мойындамады. Осыған байланысты Тбилисидің әртүрлі аудандарында наразылық шаралары ұйымдастырылды.