30 қарашада Астана мен Алматыда журналистер мен блогерлер арасындағы шахматтан «Қос шаһар кубогы» ашық турнирі өтті. Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен өткен шарада блогер Асылхан Құмар үздік атанып, кубок иегері атанды.
Алматыда 26 қатысушының ішінен жас блогер Асылхан Құмар үздік болды. Екінші орында блогер Алан Тасмұханов, үшінші орында тағы бір блогер Марат Мулкубаев болды.
Астанада 40 қатысу арасында Нұрлан Салықбаев үздік шықса, екінші орынды Ахмет Ишмухамедов, үшінші орында Жанболат Турешов алды.
Екі қаланың үздік екі ойыншысы финалдық кездесуге шықты. Бірінші орынды алматылық Асылхан Құмар алып, Сингапурға сапарға арналған тревел-грантты жеңіп алды. Онда Дин Лижен мен Гукеш Доммараджу арасында шахматтан Әлем чемпионаты болады. Екінші орынды елордалық Нұрлан Салықбаев жеңіп, 300 мың теңге ұтыс алды. Үшінші орынға Ахмет Ишмухамедов тұрақтап, 200 мың теңге, төртінші орын Алан Тасмұхановқа бұйырып, 150 мың теңге ұтып алды.
Сондай-ақ екі қалада да ресми демеушіден қосымша 60 мың теңге сыйлықтар табыс етілді. Астана бойынша: блогерлер арасында ең жақсы нәтиже – Арман Абданбеков; әйелдер арасында үздік нәтиже – Ляззат Тушкенова; ардагерлер арасында үздік нәтиже (63+) – Орынбай Жанайдаров алса, Алматы бойынша: блогерлер арасында ең жақсы нәтиже – Григорий Федоров; әйелдер арасында үздік нәтиже – Дилайла Сәдуақасова; ардагерлер арасында үздік нәтиже (63+) – Тимур Қасымов иеленді.