Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева 12 жасқа толмаған балаларды үйде жалғыз қалдыруға заңды түрде тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Зәкиева мәлімдемесінде биыл жыл басынан бері балалардың өмірін қиған 15 өрт оқиғасы болғанын айтады. Олардың көбі балалар үйде жалғыз қалған кезде орын алған.
«Осы оқиғаларды талдай отырып, 12 жасқа толмаған балаларды ересек адамдардың қарауынсыз қалдыруға тыйым салу жөніндегі заңнамалық шараларды қарастыру қажет деп санаймын. Әрине, қолдауға мұқтаж отбасыларға мемлекет тарапынан көмек бағдарламаларымен қамтамасыз ету маңызды», — деді омбудсмен.
Балалар омбудсмені Ақмола облысында болған қайғылы оқиғаға қатысты да түсініктеме берді. Ол барлық мән-жайы анықталып, қажет тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын еске салды.
Естеріңізге сала кетейік, 1 желтоқсан күні Ақмола облысы Бұланды ауданы Шұбарағаш ауылында жеке тұрғын үйде өрт шығып, салдарынан екі бала бақилық болған еді. Өрт үш шаршы метр аумақты қамтып, жеті және үш жасар балалар түтіннен уланып, көз жұмды.
Айта кетейік, жыл басында Қарағанды облысының Талды ауылында 2 пәтерлі бір қабатты тұрғын үйде өрт шығып, салдарынан 4 бала көз жұмған еді.
2019 жылы да ақпан айында Астана қаласы Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шығып, өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылған болатын. Қайтыс болған балалардың ең кішісі небәрі 9 айлық болған. Бұл оқиға кезінде де 5 бүлдіршін өрт кезінде үйде өздері ғана болғаны анықталған.