Жыл басынан бері азаматтар банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартып жатыр. Бүгінге дейін «Стоп-кредит» сервисін Қазақстанда 855,6 мың азамат пайдаланды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бастамасымен 2024 жылдың ақпан айынан бастап заңнамаға түзету іске қосылды. Жаңа тетік арқылы азаматтар кредиттер мен шағын несие алудан өздерін қорғауға ұйғарды. Ол үшін ЭЦҚ-ны пайдаланып «Электронды үкімет» порталын немесе eGov mobile қосымшасы арқылы өтінім берсе, жеткілікті.
«Стоп-кредит» алаяқтар қосымшаны бұзған жағдайда да қаржылық қызметтерді тұтынушыларды қорғауға мүмкіндік береді. Егер сіз осы қызметті іске қоссаңыз және сіздің атыңызға алаяқтар банктік қарызды немесе микрокредитті заңсыз ресімдеген болса, онда банк немесе МҚҰ оны есептен шығаруға міндетті болады», – деп түсіндірді агенттік.
Қыркүйек айынан бастап қолданысқа енген норма бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары сервис көмегімен қарыздың заңсыз алынғанын анықтайды. Агенттік «Стоп-кредитті» азаматтар өздерінің қалауынша іске қосып немесе алып тастай алатынын қаперге салды.
Бұл сервис тұтынушылар үшін тас қамал іспетті. Тіпті шетелде алаңсыз жүре беруіне болады. Алаяқтар қашықтан құпиясөздерді ала алмайды. Тұтынушы атынан өтінім келсе, қаржы ұйымдары қарыз бермеуге міндетті. Олай болмаған жағдайда шығынды өздері төлейді. Қолданыстағы тетікті тәулік бойы онлайн іске қосуға болады. Ең бастысы, азаматтардың жеке деректерін қорғауға септеседі.