Қазақстанда сирек кездесетін металдардың перспективалы аумақтары табылды. Қазіргі уақытта сирек кездесетін металл өндірісін дамыту үшін 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Ал барлау жұмыстарына екі бірдей шетелдік компания тартылған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында Қазақстандағы сирек кездесетін металдарды геологиялық барлаудың перспективалы учаскелері туралы мәлімдеді. Сондай-ақ министр сирек кездесетін металдардың ірі кен орыны табылғанын жеткізді.
«Сирек кездесетін металдар саласын дамыту шеңберінде, 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні Күйректікөл учаскесі перспективалы кен орнына жатады. Оның қорында лантанидтерді қоса алғандағы 800 мың тоннадай сирек кездесетін металдар бар. Бұл қорды екі есе арттыру әлеуеті бар», – деді министр Үкімет сағатында.
Ведомство басшысы сирек кездесетін жер металдары барлауды шетелдік Cove Capital және HMS Bergbau сияқты жеке компаниялар жүргізетінін мәлімдеді.
«Салаға инвестиция тарту мақсатында осмий мен ренийді қоспағанда, сирек кездесетін жер металдарының баланстық қоры туралы деректерді құпиясыздандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін аталған жұмыстарды аяқтау жоспарлануда»,– деп толықтырды министр.
Осыған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сирек металл, соның ішінде вольфрам, молибден және литий қоры бар 100-ден астам кен орнын анықталғанын хабарлаған болатын.
Айта кетейік, еліміздің минералдық-шикізат базасында 987 қатты пайдалы қазбалардың кен орны есепке алынған.
Өткен жылы Қазақстан үкіметі сирек және сирек жер металл өндірісін дамытуға 11,8 млрд теңге бөлінетінін хабарлаған болатын. Бұл туралы «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында» жазылған.