Жаңалықтар

Халықаралық ғылыми конкурс жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасымен шетелге бакалавриатқа тапсыра алады – депутат

Болашақ бакалавриат
Беделді ғылыми конкурс жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасымен шетелде бакалавриат деңгейінде оқи алады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Халықаралық ғылыми конкурс жеңімпаздары елдегі ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай грантқа түсіп, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде бакалавриатқа тапсыра алады. Тиісті заң жобасы Мәжілісте талқыланды.

«Жоба бірқатар маңызды мәселелерді шешуге бағытталып отыр. Біріншіден, дарынды оқушыларды қолдау. Жаңа заң жобасы бакалавриат деңгейінде оқу мүмкіндігін беруді қарастырады. Бірақ бұл мүмкіндік тек халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда жеңіске жеткен дарынды балаларға арналған», – деді жобаны таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов.

Депутат дарынды балаларға мұндай жеңілдік беру арқылы талантты азаматтардың шетелге кетпей, еліне қызмет етуіне жағдай жасалатынын айтты. Өйткені әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіске жеткен оқушыларға шетел университеттері грант ұсынып, қазақстандық дарын иелері сол елдерде қалып қойып жатыр.

«Біз оларды жай ғана «жоғалтып жатырмыз. Енді бұл балалар мемлекетт тарапынан үлкен қолдауға ие болып, ең үздік университеттерде «Болашакпен» білім алып, елімізге қайтып, Қазақстанның дамуы үшін жұмыс істейтін болады», – деді ол.

Сонымен бірге заң жобасына сәйкес, ең беделді халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздары елдегі университетке грантқа ҰБТ-сыз қабылданады.

Бұдан бөлек депутаттар әзірлеген заң мемлекеттік тілдің цифрлық саладағы қолданысын біріздендіруге көмектеседі. Осы мақсатта мемлекеттік тілдің цифрлық ұлттық сөздік қоры жасалып, Ұлттық тіл корпусы туралы арнайы нормалар қабылданады.

«Бұл нормалар мемлекеттік тілді жасанды интеллектің күшімен дамытуды көздейді. Chat GPT бар, «Алиса» бар, осының бәрі қазақ тілінде жақсы жұмыс істеуі үшін де біріздендірілген сөздік қоры, яғни тілдік ақпараттық жүйе керек. Қысқасы адамзат цифрлық әлемде өмір сүріп жатқандықтан, қазақ тілінің де цифрлық сөздік қоры керек», – деді Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, «Болашақ» бағдарламасы аясында дарынды балаларды қолдау бойынша заңнамаға жаңа түзетулер енгізілетіні туралы  Асхат Аймағамбетов жазда хабарлаған болатын.