Келесі жылы «Қазпошта» ішінде Temu, Pinduoduo сияқты қытайлық маркетплейстердің бондтық қоймасы ашылады. Осылайша азаматтар тапсырыстарын «Қазпоштадан» барып ала алатын болады. Бұл жайында басқарма төрағасы Әсел Жанасова айтты.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаты Руслан Берденов пошта қоймасына қатысты мәселе көтеріп, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасына сауал жолдады. Мәжілісмен пошта қоймасы өте үлкен екенін және «Қазпошта» жұмысының шығыны көп екенін айтады.
«Зейнетақы, жәрдемақы, яғни тариф сіздерде 247 теңге. Ал оның өзінің бағасы 477 теңге. Сіздердің 2023 жылы 5 млрд-қа жуық шығындарыңыз бар. Бұл шығын азая ма, көбейе ме? Себебі сіздер келесі жылы ауылдарды көбейтеміз деп жатсыздар. Сіздердің Астанадағы үлкен хабтарыңызда болдым. Бірақ бұл хаб, яғни қойма өте үлкен. Сіздер өте үлкен тарифпен ақша төлеп отырсыздар, бірақ оның қолданысы он-ақ пайызға толып тұр. Сіздердің жұмысшыларыңыздан да сұрадым, ол ешқашан да толмаған. Сіздерге сондай үлкен хаб керек пе?»,- деп сауал жолдады депутат.
«Қазпошта» төрағасы Әсел Жанасова депутаттың бұл уәжін жоққа шығармады. Айтуынша, 2023 жылы зейнетақы, жәрдемақы төлеу бойынша таза шығын 5 млрд теңге болған.
«Бүгін Қазақстан бойынша 350 адам осындай төлемдерді алып тұрады. 247 теңге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бекітілген тарифтердің бірі. Бұл «Қазпоштаға» ғана берілген тариф емес, бұл барлық банк алып отыратын тариф. Банктер онлайн аударымдар кезінде 150 теңге алады. Бірақ біздің тарифтеріміз 477 теңге болуы керек. Неге десек, бүгінде инкасаторлар, машиналар, жанармай бағасының өсуі үлкен шығынға алып келеді. Ақша болған соң, қауіпсіздік стандарттарын қадағалауымыз керек. Сондықтан оның шығыны өзіндік құнын ақтаса, біз оны әрбір ауылға жеткізетін боламыз. Тариф жағынан қолдап жіберсеңіздер, оны әрі қарай жалғастырамыз. Себебі ауылдарға жеткізетін «Қазпошта» ғана»,- деп түсіндірді Әсел Жанасова.
Әсел Жанасова пошта жөнелтілімінің көбеюіне байланысты үлкен қойма алғанын атап өтті.
«Ол жерде (жөнелтімдер) келіп-кетеді ғой, сіз он пайызын ғана көргенсіз. Кейбір уақытта қатты толып кетеді. Мысалы, маусымдық ерекшеліктер бар. Жаңа жылда, Black Friday кезінде жөнелтімдер көп келеді. Сонда толып кетіп, орын қалмайды. Екінші жағынан, бұл фулфилмент орталық. Келесі жылға Temu, Pinduoduo сияқты әлемдік маркетплейстермен бірге келіссөздер жүргізіп, осы жерде бондтық қойманы ашатын боламыз»,- деп мәлімдеді ол.
Басқарма төрағасының сөзінше, «Қазпошта» биылдан бастап ТМД-ның 9 еліне транзиттік тасымалдау қызметін көрсетуді бастағанын айтты. Оның ішінде AliExpress және Alibaba компанияларымен 9 елге транзит бойынша тікелей келісімшарт барын атап өтті.
«Қазіргі таңда біз күн сайын 500 мыңға дейін сәлемдемені 9 елге транзит арқылы жеткізе аламыз. Бұл бізге табыс әкеліп жатыр ма дегенге келсек?! Иә, біз шынымен де табыс тауып жатырмыз және бұл серпінді байқап отырмыз. Өткен жылы сәлемдемелер саны 38%-ға өсті, ал ағымдағы жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 28%-ға жетті. Ең қызығы, сәлемдемелердің 49%-ы ауылдық жерлерге жіберіледі»,-деді Әсел Жанасова Мәжіліс кулуарында.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында «Пошта туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.