Лондонның Орталық қылмыстық соты болжаммен Ресей тыңшылары Қазақстанның Лондондағы елшілігіне шошқа қанын шашу арқылы қастандық жасамақ болды деген айыптауларды тыңдады. Сонымен қатар қазақстандық экс-әкім Бергей Рысқалиевті аңдыды деген шағымға қатысты тыңдалым өткізді. The Evening Standard басылымының мәліметінше, бұл әрекеттер Ресейдің Қазақстанға көмек көрсеткендей көзқарас қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
Олд-Бейлидің мәліметінше, Болгария азаматтары – 33 жастағы Катрин Иванова, 30 жастағы Ваня Габерова және 39 жастағы Тихомир Иванчев – Орлин Русев жетекшілік ететін шпиондық желінің мүшелері болған. Русев «Джеки Чан» лақап атымен белгілі.2022 жылдың тамызында топтың жетекшісі, австриялық азамат Ян Марсалек («Руперт Тиц» лақап атымен танымал), бұрын банкротқа ұшыраған неміс төлем компаниясы Wirecard-тың бас операциялық директоры, Русевке Қазақстанға қарсы акциялар ұйымдастыру бойынша идеялар ұсынуды тапсырғаны айтылады.
Прокурордың мәлімдеуінше, ұйымдасқан топ Лондонда орналасқан Қазақстан елшілігіне 100 литр шошқа қанын дрон арқылы шашуды жоспарлаған. «Жан-Клод ван Дамм» және «Безумный Макс» деген лақап аттарымен белгілі Бисер Джамбазов пен Орлин Русев Қазақстанның туларын сатып алу, автобустарды жалға алу және нақты қолдаушыларды үгіттеу туралы хабарламалармен алмасқан.Тергеу материалдарына сәйкес, тыңшылар Сингапурде Truth on the Steppes Publishing Ltd атты жалған қор құруды жоспарлаған. Қордың мүшелері Лондондағы сыраханалардың бірінде кездесіп, наразылық шарасын ұйымдастыру жоспарын жасаған. Митингке ерікті түрде қатысқан адамдар туралы деректерді Ресейдің Қазақстанға «көмегі» ретінде көрсету үшін қазақстандық тарапқа беру көзделген.
Іс материалдарына сәйкес, тыңшылар ресейлік зерттеуші журналистерді аңдыған. 2021 жылы Марсалек пен Русев Bellingcat ұйымының журналисі Христо Грозевке қарсы әрекеттерді ұйымдастыру үшін косметолог Ваня Габерованы пайдаланған, оны «нағыз азғын» деп атаған. Айыптау тарапының мәлімдеуінше, Марсалек пен Русев Грозевке қатысты түрлі сценарийлерді, соның ішінде тонау, мүлікті өрттеу, Мәскеуге алып кету үшін ұрлау және өлтіру мүмкіндіктерін қарастырған. Сот анықтағандай, Бисер Джамбазов Габерова және Катрин Ивановамен романтикалық қарым-қатынаста болған.
Прокурордың мәліметінше, бақылау The Insider басылымының бас редакторы Роман Доброхотов пен шетел агенті ретінде танылған, Мәскеу облысы бойынша РФ Тергеу комитетінің бұрынғы тергеушісі Кирилл Качураға жүргізілген.Ал 2021 жылдың қарашасында аңду объектісі Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев болды. Ол Қазақстаннан ұйымдасқан қылмыстық топ құру және бюджет қаражатын жымқыру айыптарынан кейін қашып кеткен болатын. Айыптаушылардың айтуынша, бақылауға алынған ер адамдармен тікелей байланысты топтағы әйелдер орнатқан. Прокурор олардың әрекетін «сексуалдық тұзақ» деп атады.
2022 жылдың соңында Марсалек Русевке Германияның Штутгарт қаласындағы АҚШ базасында әуе қорғанысы жүйесін қолдану бойынша оқудан өткен Украин әскерилерін аңду туралы тапсырма бергені айтылады.
Іс материалдарына сәйкес, Русев тұрған Грейт-Ярмуттағы үй түрлі тыңшылық аппаратуралармен жабдықталған. Тергеу мәліметтері бойынша, топтың иелігінде 221 мобильді телефон, 258 қатты диск, 495 SIM-карта, 33 аудиожазу құрылғысы, 55 бейнежазу құрылғысы, 11 дрон, 16 радиостанция, IMSI-ды ұстайтын үш құрылғы және жеке басын растайтын 75 құжат болған. Бұл құжаттардың 55-і басқа адамдардың атына тіркелген.
Русев пен Джамбазов өздерін астыртын келісім жасағандарын мойындады. Ал Катрин Иванова, Ваня Габерова және Тихомир Иванчев 2020 жылдан 2023 жылға дейін Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген айыптауларды жоққа шығаруда. Ян Марсалектің қайда екені белгісіз.
Сот процесі ақпан айына дейін жалғасады деп күтілуде.