Алматы әкімдігі Қайрат Боранбаевтан қайтарылып алынған «Алмалы» сауда орталығының орнында 12,2 млрд теңгеге балаларға арналған мұражай тұрғызуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Алматы қалалық мәслихатында қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
Әкімнің айтуынша, балаларға арналған музей ғимаратының құрылысы 2025 жылы басталады.
«2025 жылдан бастап, бұрынғы «Алмалы» сауда орталығының базасында Science Museum Singapore компаниясымен бірлесіп, балаларға арналған алғашқы ғылым музейінің құрылыс жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа қала бюджетінен 12,2 млрд теңге бөлу жоспарланған», – деді әкім.
Еске сала кетсек, «Алмалы» сауда орталығы «Қаңтар» оқиғасы кезінде қиратылып, содан бері жұмысын тоқтатқан болатын. Ал 2023 жылдың қазан айында кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі бұл нысан мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы ақпарат тарады.
ҚМА мәліметінше, кәсіпкерден жалпы құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі қайтарылған. Олардың ішінде – осы сауда орталығы мен Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі бар.
Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевтан 134,5 млрд теңгенің активтерін қайтарған. Агенттік бұл соманың өсе түсуі мүмкін екенін хабарлады.