Жаңа жыл – ғажайыпқа сендіріп, жаңа үміт сыйлап, жаңа армандарға қанат бітіретін ерекше кезең. Әдетте жаңа жыл қаңтардың бірінші күні емес, жылдың соңғы айы сияқты сезіледі. Себебі баршамыз желтоқсан кіре сала, сиқырлы әлемге қадам басқандай күй кешеміз. Мейрамға біраз уақыт қалғанда баршамыз үйді сәндеп, шыршамызды безендіріп, дәмді тағамымызды дайындап, ең басты шараға кірісеміз. Бұл, әрине, мерекелік көңіл-күй сыйлап, жанға жылу беретін, неше рет көрсек те, мүлдем жалықтырмайтын жаңажылдық фильмдерді қайта көру. Бүгінгі топтамадан классиканы да, ерекше танымал, ширек ғасыр өтсе де, ел есінде жүрген, нағыз жаңа жыл жылуын беретін нағыз жауһар туындыны да табасыз.
1. Home alone – «Үйде жалғыз қалғанда»
1990 жыл
Жаңа жыл мен Рождество – мейрам болса, «Үйде жалғыз қалғанда» фильмі сол тамаша мейрамның басты символы деуге толық негіз бар. Сегіз жасар Кевин Маккалистердің тосыннан үйде жалғыз қалып қойғанына байланысты бастан кешкені – бізді неше рет қайталап көрсек те күлкіге қарық қылатын ерекше оқиға. Әсіресе, үйді тонамақ болып, түрлі ебедейсіз әрекет жасаған епсіздеу ұрлықшылар көрерменнің сілесін қатыратыны рас.
Бұл, расымен, жылдар өтсе де ескірмейтін, жаңа жыл десе, бірден аузыңа түсетін классикалық туынды. Фильмнің идеясының пайда болу тарихы да қызық. Туындының сценарий авторы Джон Хьюз іс сапарда жүріп «балаларымның біреуін үйде жалғыз қалдырып кетсем не болады?» деп ойланады. Осылайша күллі әлем сүйіп көретін керемет туындының сценарийі небәрі тоғыз күнде дайын болған.
Фильмдегі әзілдердің жақсы шыққаны бір бөлек, сонымен қатар ұжым отбасылық құндылықтар тақырыбын да көтеруге тырысқан. Кевин осы бір оқиға арқылы ата-анасы мен жақындарының қадірін түсінеді, ата-анасы да балалардың, отбасының қадіріне жетеді. Бұл оқиға сізге жеткіліксіздеу болып қалса, оқиғаның жалғасы да бар. «Үйде жалғыз қалғанда 2: Нью-Йорктағы адасу» бөлімі кішкентай қаһарманның алып қаладағы қиындықтарға қалай төтеп бергенін көрсетеді.
Алғашқы премьерада «Үйде жалғыз алғанда» фильмі 1202 кинотеатрда көрсетіліп, 17 081 997 доллар жинап, кассалық есепте көш бастады. Фильм 12 апта бойы бірінші орынды бермей, келесі жылдың маусым айына дейін үздік ондықтан түспеді. Фильм 1990 жылы шыққан туындылардың арасында ең көп касса жинап, мұндай жетістікке жеткен тұңғыш комедия ретінде Гиннес рекордтар кітабына енді. Ол бұл атақты көп жылдар бойы ешкімге бере қоймады – «Үйде жалғыз қалғанда» флдьмі 27 жыл бойы тарихтағы ең көп касса жинаған комедия болып қала берді.
2. «Ирония судьбы или С лёгким паром!»
1975 жыл
Бұл фильм де – нағыз классика. Әзірге қазақшасы болмаса да, туындыны көпшілік жатқа біледі. Келесі сахна қандай болатынын біліп отырса да, бәрі жыл өткен сайын қайталап көре береді. Себебі бұл да – нағыз жаңажылдық көңіл-күй сыйлайтын әрі жылы естеліктерді еске түсіретін бір туынды. Сондықтан жаңа жыл қарсаңында дәл осы фильмді көру бір дәстүр деуге де болады. Оқиға желісі бойынша ерлердің моншасында басталған қызық оқиға нәзік махаббат хикаясының негізі болады.
Фильм тек шытырман сюжетімен емес, жайлы визуал әрлеуімен де көрерменді баурап алады, оның ішіне терезеден қарап, тамсанатын жапалақтап жауған қар да, ескі әуендер мен тамаша диалогтар да бар.
3. Love actually – «Шынайы махаббат»
2003 жыл
Бұл британдық фильмде романтикалық сүйіспеншіліктен бастап, отбасылық иірімдерге дейін тоғыз махаббат хикаясы араласып жатады. Фильмдегі басты сұрақ: шынайы махаббат деген не?
Фильмде ән де, би де, махаббат та бар, ойландыратын сәттер де жоқ емес. Бұл да 20 жыл бойы жылда қайталап көре беретін жаңажылдық махаббат хикаясына айналды. Ал фильм саундтрегі – «All I Want for Christmas Is You» әні жанымызға бөлек бір жылу сыйлайды. Әрі дәл осы ән жаңа жыл қарсаңында түсірген барлық видеомызға ерекше сән береді.
4. «Келинка тоже человек — 2»
2020 жыл
Отандық киногерлердің туындыларын көру де ақырындап дәстүрге айналып барады және жаңа жыл қарсаңында тамашалайтын қазақстандық фильмдер де жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мысалы, кинопродюсер Әсел Сәдуақасованың «Келинка тоже человек — 2» фильмі жаңа жыл мерекесіне арналған. Отбасылық комедиядан көрермен Роза Рымбаеваны, Әбунасыр Серіковті, Данагүл Темірсұлтанованы, Әсел Сәдуақасова мен Данияр Алшыновты көре алады. Басты кейіпкер – блогер әрі вайнер Аминока (Амина Малғаждар). Еске салсақ, Асқар Ұзабаевтың режиссерлігімен таспаланған жоба 2020 жылы жарық көрді.
5. The polar express – «Поляр экспрессі»
2004 жыл
Бұл танымал мультфильм достарының мазағына қарамай Аяз Атаның бар екеніне сенетін бала жайлы. Рождество қарсаңында бір сиқырлы пойыз баланың үйінің жанына келіп тоқтайды. Бұл пойыз баланы және достарын Солтүстік полюске Санта Клаусқа қонаққа апарады. Бірақ оған жету оңай емес. Алдарынан шыққан түрлі кедергіден өтіп, көздеген жерлеріне жетуі керек. Шытырманға толы жаңажылдық фильм жыл сайын жаңа жыл қарсаңында түрлі жас өкілін теледидар алдына жинайды. Оқиғаның қызық екені сонша, көрермен қалайша көк жәшікке телміріп екі сағат тапжылмай отырғанын байқамай да қалады. Себебі бұл – шын сенсең, ғажайыптар болуы мүмкін екеніне сендіретін, әр аялдама экранды әдемілігімен сиқырға толтыратын туынды.
6. «Санта-Клаус»
1994 жыл
Санта Клаус бір сәтте құзіреттілігін жоғалтып алса қайтеміз? Бұл комедияның басты кейіпкері әрі өмірдегі ең қарапайым адам Скотт Кэлвин дәл осы жағдайда Сантаның орнын басуы керек. Қызықты фильм осы оқиға төңірегінде өрбиді.
Бұл – 30 жылдан бері отбасылық тамаша туындылар тізімінен мықтап орын алған фильмдердің бірі. Алайда алғашында режиссер фильмді қатыгездеу сценарий бойынша түсіруді жоспарлаған деген де дерек бар.
7. The Holiday – «Демалыс»
2006 жыл
Басты рөлдерді Кэмерон Диаз, Кейт Уинслет, Джуд Лоу, Джек Блэк, Эли Уоллах сомдайтын бұл туынды да – жаңа жыл қарсаңында көрілетін фильмдер тізіміндегі үздіктердің бірі.
Мейрам қарсаңында сүйіктісімен айрылысу кімге болса да оңай тимейтіні анық. Фильмнің басты кейіпкерлері Лондон іргесіндегі шағын қалашықта тұратын Айрис Симпкинс пен америкалық Аманда Вудс – бір-бірінен 10 000 км қашықтықта өмір сүреді. Жаңа жылға санаулы күндер қалғанда әлемнің екі түкпірінде бір-бірін танымайтын екі сұлу да ғашығымен ұрысып қалады. Екеуі мерекелік демалысты пайдаланып, қиыр шетке саяхаттауды жөн көреді.Олар екі аптаға үй ауыстырып, екеуі екі қиырда таңғажайып күндерді бастан кешіреді.
Бәлкім, үйден алшақ жүргенде жас қыздар нағыз махаббатын жолықтырып қалар? Спойлер беруден аулақпыз, алайда бұл фильмнің романтикалық комедия екенін ескеріңіз.
8. How the Grinch Stole Christmas – «Гринч — Рождестволық ұрлықшы»
2000 жыл
«Гринч — Рождестволық ұрлықшы» — әлемдік деңгейде ең көп сұранысқа түскен үздік фильмдердің бірі. Бұл фильмдегі басты кейіпкер қатыгез жасыл Гринчті көрермен жақсы таниды. Өйткені ол бүлдіршіндердің мерекесін ұрлап жүреді. Көрерменді күлкіге қарық қылатын комедиялық туындыда жақсылық пен жамандықтың белгілері де ұтымды үйлесім тапқан. Фэнтези және комедиялық жанрдағы фильмде жасыл Гринчтің рөлін көпшіліктің сүйіктісі, комедиялық рөлдердің королі Джим Керри сомдайды.
9. Charlie and the Chocolate Factory – «Чарли және шоколад фабрикасы»
2005 жыл
Тим Бертонның фильмдерінде рождестволық оқиға жиі кездеседі. Алайда оның алғашқы нағыз рождестволық немесе жаңажылдық анимациялық фильмі Роальд Дальдің романына негізделген «Чарли және шоколад фабрикасы» картинасы екенін бірі білсе, бірі біле бермейді.
Фильмнің басты кейіпкері – кедей отбасынан шыққан және кешкентай ғана үйде ата-анасымен, екі атасы мен екі әжесімен бірге тұратын Чарли Бакет. Ол Рождество қарсаңында Вилли Вонканың жұмбақ шоколад фабрикасына «Алтын билет» жеңіп алады. Ал Вилли Вонканың рөлін 2012 жылы ең табысты актер ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген Джонни Депп сомдаған.
Картинада отбасылық құндылықтар тақырыбы шебер баяндалады. Фильм 2006 жылы «Үздік костюмдер» номинациясы бойынша «Оскарға» ұсынылған болатын.
10. Holidate – «Мереке күндері жұппыз»
2020 жыл
Джон Уайтселлдің режиссерлігімен түсірілген бұл туынды бойдақ жүрген көп жастың көңілінен шықты. Басты рөлдерді Эмма Робертс, Люк Брэйси, Кристин Ченоует, Фрэнсис Фишер, Эндрю Батчелор, Джессика Капшоу сомдайды.
Салт басты өмірімен қоштасуға асықпаған Слоун отбасы қыспаққа ала бастағанын сезеді. Анасы оның мерекелік іс-шараларға жұпсыз келетінін үнемі айтып, разы емес екенін анық көрсетіп отырады. Бір күні Слоун Джексонды кездестіреді. Джексон мүлдем қарым-қатынас құрғысы келмейтін, өз өміріне риза жігіт. Бірақ ол да жаңа жылды жалғыз тойлаудан шаршай бастайды. Бір-бірін дер кезінде тапқан жаңа таныстар өзара алдағы маңызды күндердің бәрін бірге атап өтуге келіседі.
Бұл – жаңа жыл алдында тамашалауға тұрарлық кезекті фильм. Фильмде өзге де мерекелер қамтылады, алайда сценарий бойынша оқиғаның басым бөлігі жаңа жылдық кезеңде өрбиді.
Жыл бойы жұмыс істеп, жыл аяқталарда шаршағаныңызды түсініп жатқан да боларсыз. Бәлкім жұмыстан кеш қайтып, күнделікті күйбеңдеп жаңа жыл жақындап қалғанын аңғармай қалғандарыңыз да бар шығар. Жоғарыдағы тізімнен кез келген адам өзіне керек дүниені аларына сенімдіміз. Себебі тізімде көңіл-күйді көтеретін комедия да, миды тынықтыруға көмектесетін романтикалық туынды да бар. Сондықтан жылдың соңғы айының суық кештерін ерекше өткізу үшін әр фильмді әр күнге бөліп алып, кесте құрып алсаңыз да артық болмайды.