7 желтоқсаннан 8 желтоқсанға қараған түні Лас-Вегаста (АҚШ) UFC 310 аралас жекпе-жектен турнир өтеді. Онда шоудың басты оқиғасы спорттық мансабында жеңіліп көрмеген қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов (18-0) пен ирландиялық Иэн Гэрридің (15-0) жекпе-жегі болмақ.
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов пен Иэн Гэрри жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті. 30 жастағы Рахмонов пен оның қарсыласы бірдей салмақ көрсетті – 77,56 келі. Сондай-ақ жекпе-жек алдында көз түйістірді.
Рахмонов пен Гэрри арасындағы жекпе-жек 8 желтоқсан, яғни жексенбі күні өтеді. Жекпе-жектің тікелей трансляциясы Қазақстан уақыт бойынша сағат 09:00-де басталады деп жоспарлануда және UFC ресми сайтынан да көруге болады.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрримен өтетін жекпе-жегінде алатын сыйақысы белгілі болғаны туралы жазған едік. Sportalmag деректеріне сәйкес, Рахмоновтың кепілдендірілген сыйақысы 350 мың долларды құрайды. Ал қарсыласы Иэн Гэрри 150 мың доллар алады. Жекпе-жектің жеңімпазына қосымша 100 мың доллар бонус беріледі.
Сонымен қатар UFC демеушілерінен екі спортшыға да алты мың доллардан қосымша сыйақы қарастырылған. Бұдан бөлек, спортшылар билет сатылымдарынан да табыс табады. Егер UFC кешіне барлық билет сатылса, Рахмонов қосымша 300 мың доллар, ал Гэрри 150 мың доллар табыс табады.
Барлық кепілдендірілген төлем мен бонусты ескерсек, Шавкаттың жалпы гонорары 800 мың долларға (416 млн теңге) жетеді деп күтіліп отыр. Ал Иэн Гэрридің табысы шамамен 450 мың долларды (235 млн теңге) құрайды.