Банк пен қаржы

Қазақстандықтар банктерге 20 трлн теңге қарыз

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан халқының мойнындағы кредиті жыл басынан бері 18,7%-ға өскен. Қазір халықтың банктерден алған қарызы 19,8 трлн теңгені құрайды. Соның ішінде 13,1 трлн теңгесі – тұтынушылық қарыз.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша, банктер экономикаға жалпы 31,9 трлн теңге кредит берген. Жыл басынан бергі өсім – 14,3%. Осы қарыздың – 12,1 млн теңгесі бизнестің алған кредиті. Қалған бөлігі (19,8 трлн теңге) жеке адамдардың алған ипотекасы мен тұтынушылық қарызы.

Соның ішінде 777 млрд теңге қарыздың төленбегеніне 3 айдан асқан. Жыл басында бұл көрсеткіш 600 млрд теңгеге де жетпейтін. 10 айдың ішіне 3,4%-ға өскен.

Қазанда теңгемен алынған несиенің сыйақы мөлшелемесі сәл төмендеген. Орташа пайызы 18,8%-ды құрады. Қыркүйекте кредиттің орташа мөлшерлемесі 20 пайыздан асқан болатын.

Ипотека қарызы қанша?

Қазақстандықтардың ипотека қарызы қазір 5,9 трлн теңгені құрайды. Биыл 10 айда 1,6 трлн теңге ипотекалық қарыз берілген. Бұл 2023 жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда 19,4%-ға артық.

Жаңа ипотекалық қарыздардың ішінде мемлекеттік бағдарламамен емес, нарықтық шарттармен алынған борыштың үлесі артып келеді. Биыл осындай 555,4 млрд теңгеге ипотека берілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 38,3%-ға артық.

10 айда банктер 2,1 трлн теңге таза пайда тапқан. Былтырғы көрсеткіштен 18,2%-ға артық.