Кофе бағасы қымбаттап жатыр. Нью-Йорктегі саудада бұл өнім бағасы рекордтық деңгейге жеткен. Кофе бағасының қымбаттауына логистикалық қиындықтарға қатысты нарық алаңдаушылығы әсер еткен.
Әсіресе, Arabica сортына деген сұраныс жоғары. Бұл сорттағы кофе фьючерстері сейсенбі, 10 желтоқсан күнгі саудада 3,5%-ға қымбаттап, 1972 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіштерге жеткен. Бұл жылдары Бразилияда үсік жүріп, кофе ағаштары толығымен үсіп кеткен болатын. Жалпы бір жылда Arabica сортының фьючерстері 80%-ға артқан.
Бағалардың бұлайша көтеріліп кетуіне әлемнің ең ірі кофе өндірушісі саналатын Бразилияда жыл басында құрғақшылық болып, салдарынан кофе плантациялары зиян шеккені себеп болып отыр. Осыған байланысты нарықта бұл елден кофе экспортының көлемі азаюы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Бұдан бөлек ең арзан кофе түрін өндіретін Вьетнамда да вегетациялық кезеңде құрғақшылық болып, ал кофе жинайтын уақытта қатты жаңбыр жауған. Солайша кофе дәндерінің жиын-теріміне кедергі келіп, дұрыс өнім жиналмаған.
Сарапшылар Бразилиядағы өндірістік перспективалардың нашарлағанын айтады. Өйткені ірі кофе трейдері Volcafe Ltd кофе плантацияларынан жиналатын өнімге қатысты болжамын жариялап, ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан Arabica өндірісі төмендейтінін мәлімдеген.
Бразилия келесі маусымда небәрі 34,4 млн қап арабика сортының кофесін өндіреді деп болжанып отыр. Бұл қыркүйектегі болжамнан шамамен 11 миллион қапқа аз. Нәтижесінде әлемдік кофе нарығына 2025-2026 жылғы маусымда әдеттегіден 8,5 млн қап кофе аз жеткізілмекші.
Айта кетейік, әлемдегі бағалардың құбылуы Қазақстан нарығына да әсер етуі мүмкін. Себебі елге негізінен кофе Бразилия, Ресей және Италия елдерінен жеткізіледі. Қазақстандағы 1,3 мың тонна кофенің 1 мың тоннасы осы елдерден келетінен ескерсек, әлемдегі бұл оқиғаның елдегі сұранысқа айтарлықтай әсер етуі ықтимал. Ал ерітінді шай мен кофенің басты жеткізушілері ретінде Ресей мен Малайзия танылып отыр. Бұл елдерден 4,8 мың тонна өнім импортталады.