Freedom Telecom Қазақстанның ірі қалаларында wi-fi желілерін көбейтуді жоспарлап отыр

Жарияланды 10 Желтоқсан 2024 17:12

(жаңартылды 11 Желтоқсан 2024 08:48)
Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

сымсыз wi-fi
Freedom Telecom қалаларда wi-fi желісін көбейтпек/ фото: коллаж Kursiv media, бильд-редактор – Ахтам Зиперов

Freedom Telecom елдегі мобильді интернет жүйесіндегі жүктемені азайту үшін Қазақстан қалаларында wi-fi желілерін көбейтпекші. Бұл туралы Freedom Holding иесі Тимур Турлов журналистермен кездесуінде айтты.

«Көбірек 5G тарату үшін қалаларды өзара интернетпен байланыстыратын оптика желілерін де көбейту керек.  «Ақылды қалалар» жүйесін дамыту, жол камералары, сенсорлы жүйелерінің дамуы – барлығы көп оптиканы талап етеді. Әрбір бағанда интернет болуы қажет. Егер әрбір бағанда интернет болса, wi-fi орнатылады. Осыдан кейін wi-fi аумағында жүрген қолданушылар 5g желісінен кетіп, қосыла алады.  Олар өзінен кейінгі басқа қолданушылар үшін мобильді интернет жүктемесін азайтады», – деп түсіндіреді ол. Яғни Freedom Telecom қалалардағы wi-fi желілерін көбейту арқылы мобильді интернетке түсетін жүктемені азайтуды жоспарлайды.

Турловтың сөзінше, осы үшін Freedom Telecom магистралды желілер құрылысын дамытып жатыр. Келесі жылдан бастап Қазақстанның ірі қалаларындағы пәтерлерде сымсыз интернет желісін іске қоспақшы. Пилоттық жоба Шымкенттен басталады. Компания тұрғындар үшін арнайы үй интернетін ұсынбақшы.

«Ол мобильді интернет емес, үй интернеті. Секундына гигабайт тартатындай жылдамдықпен жұмыс істейді. Болашақта мобильді интернет жүйесінің бір бөлшегі болады деп сенеміз», – деп атап өтті Тимур Турлов.

Бұған дейін Freedom Telecom қазақстандықтар үшін сымсыз интернеттің жаңа технологиясы ұсынған еді. Олар АҚШ-та орналасқан Wi-Fi Alliance халықаралық ұйымының WI-FI 7 атты жаңа әзірлемесін әкелді.  Компания мәліметінше, WI-FI 7 интернет жылдамдығын секундына 3 Гбит-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта үш жылда Қазақстанның 13 қаласында 37 000-нан астам жаңа Wi-Fi 7 нүктелерін орнатуды жоспарлап отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз