Жаңалықтар

Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалды

Алмат Ақышов бұған дейін Күршім ауданының әкімі болған / Фото: gov.kz

Өскемен қаласына әкім болып Алмат Ақышов тағайындалды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР Президентінің Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісе отырып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ақышов Алмат Талғатұлы Өскемен қаласы әкімінің лауазымына тағайындалды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне жаңа әкімді Ермек Көшербаев таныстырған. Облыс басшысы Алмат Ақышовтың экономика, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мол тәжірибесі бар екенін айтқан.

Көшербаев жаңа тағайындалған әкімге қаланың экологиясына қатысты пробелмаларды шешуді және көшелерді жарықтандыру мәселелерін назарға алуды тапсырған. Одан бөлек Ақышов экономика, құрылыс, абаттандыру және әлеуметтік саладағы маңызды жобаларды аяқтап, өңірде туризмді дамытуға, облыс орталығының келбетін жақсарту мақсатында бизнес нысандардың бірыңғай дизайн-кодын енгізуді жүзеге асыруы керек.

«Қала тұрғындары өз ауызбіршілігін көрсетіп, Өскеменнің өзекті мәселелерін шешуге белсене атсалысады деп ойлаймын», – деген Ермек Көшербаев.

Алмат Ақышов – Шығыс Қазақстанда дүниеге келген. Әр жылдары өңірдің туризм, дене шынықтыру және спорт басқармаларында қызмет еткен. Сонымен бірге Ұлан ауданы аппаратының басшысы, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымдары бойынша қызмет атқарған. Ал жаңа қызметке тағайындалғанша, Күршім ауданының әкімі болған.

Айта кетейік, 27 қарашада Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты қызметінен кеткен болатын.