Астанада «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды

Жарияланды 11 Желтоқсан 2024 22:23

(жаңартылды 11 Желтоқсан 2024 22:34)
Нұртай Текебаев

Нұртай Текебаев

Тілші
«Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері марапатталды/ фото: Мәдениет министрлігі

Астанада «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары марапатталды. Оған қоса «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына ие болғандар белгілі болды.

-Ұлттың болашағын сіздер айқындайсыздар. Сондықтан мемлекет басшысы сіздерге үлкен үміт артады. Мемлекет өз тарапынан жастарды жан-жақты қолдауды жалғастырады, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсына 897 өтінім қабылданған.

Грант иегерлері ретінде үздік жобаларды ұсынған 30 жас қазақстандық таңдалды. Бұл жобалар мәдениет, ғылым, медиа, ақпараттық технологиялар, бизнес салаларын қамтиды. Биыл байқауға жаңа «Волонтерлік» деп аталатын бағыт қосылды», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Грант иегерлеріне 3 миллион теңгеден қаражат берілді.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағын алғандарға да ақшалай сыйлық пен статуэтка табысталды.

«Дарын» сыйлығы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Электрохимиялық өндіріс технологиялары зертханасының меңгерушісі, доценті Фёдор Мальчик, Экономика институты «Zertteu LAB» зертханасының меңгерушісі Айсұлу Молдабекова, («Ғылым» аталымы), Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы «Эстрадалық вокал» бөлімі әртісі Мұратбек Хайролда эстрада әншісі Садраддин Болатқа («Эстрада») берілді.

Қазақ ұлттық өнер университетінің магистранты Бибарыс Әліш пен оқытушысы Карина Измаилова («Классикалық музыка»), Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Шаттық Уатқан, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Домбыра» кафедрасының доценті Ержан Жаменкеев («Халық шығармашылығы») лауреат атанды.

«Қазақстанның қолөнершілер одағы» ЗТБ зергері Бақытжан Үсембеков, Жас суретшілер одағының төрағасы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Бейнелеу өнері» кафедрасының оқытушысы Нұрлан Сатаев («Дизайн және бейнелеу өнері»), «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Назерке Жұмабай, «QAZSPORT» телеарнасының спорт коментаторы Уәлихан Қосанбаев («Журналистика») «Дарынға» лайық деп танылды.

 «Орал жастары» волонтерлық қозғалысының жетекшісі Дулат Жүсіпқалиев, кәсіподақтар аумақтық бірлестігі жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Гүлзира Атабаева («Креативті бастамалар»), қазақстандық дзюдошы Ақмарал Науатбек, қазақстандық пауэрлифтер-паралимпиадашы Давид Дегтяров та («Спорт») тізімде бар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Журналистика» факультетінің докторанты Бауыржан Әліқожа, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Әлихан Жақсылық («Әдебиет»), «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» киножобалар өндірісі бөлімінің басшысы Әділет Омаров, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Әсет Есжанға («Театр және кино»)  лауреат атағы берілді.

Сондай-ақ оқыңыз