Шенеуніктер мен депутаттардың шетелден қандай мүлік сатып алғаны ашық жарияланбақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдан шенеуніктер мен депутаттардың шетелден қандай мүлікті қаншаға сатып алғаны ашық жарияланбақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикор) табыс декларациясындағы ашық жарияланатын мәліметтер тізбесін жасады. Құжат 27 желтоқсанға дейін ашық талқыда болады.

2025 жылғы 1 қаңтардан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 11-бабының 9-тармағы қолданысқа енеді. Соған сәйкес, келер жылдан «А» корпусындағы шенеуніктер, Парламент депутаттары, судьялар, квазимемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлері мен жұбайлары тапсырған декларация ашық жариялануы тиіс. Олар табыс декларациясында шетелдегі мүлкі, бағалы қағаздары, инвестициялық алтын жəне басқа да активтерін көрсетеді.

Шенеуніктердің шетелдегі дүние-мүлкі жайлы ақпарат ашық болады

Ең алдымен декларация иесінің аты-жөні, кіріс пен дүние-мүлік туралы есеп тапсырылған кезең ашық көрсетіледі. Декларацияда көрсетілуі тиіс кірісін қоспағанда, 2024 жылы жеке тұлғаның өзі салығын төлеген табысы жазылады.

Сонымен қатар келер жылдан қазақстандықтар шенеуніктердің шетелден сатып алған мүлігі, оның бағасы, қай елден сатып алынғанын біле алады. Шетелдегі қандай мүлігін қаншаға сатқаны туралы ақпарат та ашық жарияланады.

Мемлекеттік қызметшілердің шетелдік банктерде сақтайтын қаржысы туралы да мәлімет ашық болмақ. Халық декларация тапсырған шенеуніктердің қай елдің банкінде қанша қаржы сақтайтынын біле алады.

Шенеуніктер мен топ-менеджердердің шетелік компаниялардағы үлесі, акциялары. цифрлық активтері, сатып алған алтыны жайлы да мәлімет ашық болмақ.

Кімдердің декларациясы ашық жарияланбайды?

Десе де, саяси элитаның арасында декларациясы ашық жарияланбайтындар бар. Олар: президент, премьер-министр, мәжіліс пен сенат спикерлері, ҰҚК, ІІМ сынды құқық қорғау органдарының басшылары. Қаржы министрі Мәди Такиев мұны олардың қызметімен байланыстырған.

Қаржы министрлігінің дерегінше, биыл мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектордың топ-менеджерлері шетелдегі 2877 дүние-мүлігін табыс декларациясында көрсеткен. Олардың қатарында жер үй, пәтер, жер телімі мен коммерциялық мүлік бар.

Сондай-ақ оқыңыз