Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жануарларды кастрациялау мәселесі талқыланған жиында осындай пікір білдірді. Ол бұл шара жануарлардың өмірін ұзартады деген тұжырыммен келіспейтінін айтты.
«Өткен жолы жануарларға кастрация жасау олардың өмірін ұзартады деген пікір айтылды. Мен мұнымен келіспеймін. Өйткені оның екі себебі бар. Егер біз жануарды операция үстеліне жатқызып, бірдеңесін кесіп алсақ, онда бұл – жануар ауру болып қалды деген сөз. Бұл гуманизмге жатпайды», – деді депутат.
Анас Баққожаев жануарлардың денсаулығын ер адамдардың денсаулығымен салыстыра кетті.
«Екіншіден, ер адамдар неге қартаяды? Себебі бізде 50-60 жаста гормоналды белсенділік төмендейді. Сондықтан қартаямыз. Бұл жерде өмірді ұзарту туралы сөз қозғауға да келмейді. Жануарларды кастрациялау өмірдің ұзақтығына ешқандай әсер етпейді. Құдай сақтасын, ұят болса да айтайын, менің бір аталық безімді кесіп тастаса, өзімді сау адам ретінде сезіне алмаймын. Мен – мүгедекпін», – деп жануарларды жаппай піштіруге қарсылық танытты депутат.
Анас Баққожаевтың пікірінше, үй жануарларының агрессиясын бәсеңдету үшін кей жағдайда осы әдісті қолдануға болады. Бірақ бұл – кешенді шешім емес. Сондықтан депутат ең алдымен мамандармен кеңесу қажет екенін алға тартты.