«Астана» мен «Челси» ойынындағы тазаланбаған қар үшін Алматы спорт дирекциясы жанкүйерлерден кешірім сұрады

Жарияланды 13 Желтоқсан 2024 10:52

(жаңартылды 13 Желтоқсан 2024 11:34)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Алматының спорт дирекциясы жанкүйерлерден кешірім сұрады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қаласындағы Орталық стадионда «Астана» мен «Челси» арасындағы футбол матчында тазаланбаған қар үлкен дауға айналды. Жанкүйерлердің шағымынан кейін, стадион басшылығына қатысты шара қолданылып, жауапты тұлға қызметінен босатылды.

12 желтоқсан күні өткен матч кезінде жанкүйерлер стадиондағы орындықтар арасындағы қардың дер кезінде тазаланбағанына шағымданды. Әсіресе, батыс секторының алты қатарында қардың болуы жанкүйерлерге жайсыздық туғызған. Бұл жалпы орын санының 2,7%-ын ғана құраса да, футболсүйер қауымның көңілінен шықпады.

Қаланың спорттық нысандар дирекциясы бұл жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасап, жанкүйерлерден кешірім сұрады:

«Батыс сектордың алты қатарындағы қардың уақтылы тазаланбауы салдарынан келушілерге қолайсыздық туындағаны үшін кешірім сұраймыз. Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тексеру жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданады», – деп жазылған хабарламада.

Қала спорт дирекциясының мәліметінше «Орталық стадион» басқарушысы Бауыржан Жұмажанов қызметінен босатылды. Қазіргі таңда дирекция оқиғаны жан-жақты зерттеп, стадион жұмысына қатысты кемшіліктерді түзетуге уәде берді.

Еске сала кетейік, «Астана» – Челси ойынына билеттер 10 мың теңге мен 40 мың теңге аралығында сатылды. Ресми мәлімет бойынша ойынға 20 982 адам жиналды. KursivMedia есебі бойынша билеттердің сатылымынан шамамен 420 млн теңгеге жуық қаражат түскен. Редакция бұл қаражаттан «Астана» футбол клубы мен Алматы қаласы әкімдігі қанша үлес алатынын сұрап, құзырлы мекемелерге ресми сауал жолдады.

Сондай-ақ оқыңыз