Жаңалықтар

Қостанай облысы әкімдігі Қостанай халықаралық әуежайын үшінші рет саудаға шығарды

Фото: e-auction

Қостанай облысы әкімдігі «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әуежайдың» 49% акциясын сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беруге ниетті. Әуежай аукционға осымен үшінші рет шығарылған. Сауда-саттық 19 желтоқсанда өтеді.

Облыс әкімдігі әуежайды бұған дейін 2 рет саудаға шығарған. Алайда сатып алушы инвестор табылмай, аукцион өтпеді. Бастапқыда әкімдік мекеменің 49% акциясын 4,7 млрд теңгеге сатуға ниеттенгенімен, қазір баға 1,2 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Әкімдік әуежайдың 49% үлесін 5 жыл сенімгерлік басқаруға бермек. Инвестор кейіннен сатып алу құқығына ие болады. Сол бес жылда әуежайдың қызмет бейінін, штат қатарын сақтауы тиіс. Одан бөлек, өз қаржысына әуежай аймағында жүк қоймасы мен халықаралық терминал салуы керек.

Сатып алушыға Boeing 747, Airbus 330 сынды ұшақтарды қабылдайтын жасанды ұшу-қону жолағын 2800 метрден 3200 метрге дейін ұзарту талабы қойылады. Бұған қоса, жүк ұшақтарына қызмет көрсетуге арналған арнайы техника сатып алу керек.

Қостанай халықаралық әуежайының 100% үлесі – Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасына тиесілі. 2023 жылғы қаржы есебіне сәйкес, әуежай былтыр жалпы 114,7 млн теңге шығын шеккен.